Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  326


Автор: Сәкен Иманасов

Ұятты да, арды да

Ұятты да, арды да,
айырбастап айлаға:
қара салмай алдына,
қарқ болды пайдаға.
Асығар да аптығар,
арамзаны жақын ғып,
Тағы қандай тәтті бар —
таңдайына татырлық?
Туа жаттың өзің де
туыс етіп біраз күн,
Ебі болған кезінде
есігінде жүр азғын.
Жүретіндей түсіп тең,
әрі мырза, әрі ашық,
кешегі үрген күшікпен
кетеді ауыз жаласып.
Алдарқатып ағаны,
қымтай ұстап алды-артын,
сені де іздеп табады
көтерілсе сәл нарқың.
Жалың бар ма желкенде,
қолтығыңда — білегі,
болатынын ертең не
елден бұрын біледі.
Таусағандай біразға
Тағы қандай тәтті бар?
Тіршілікке қыры аз ба —
туысын да жат қылар.
Жалап-жұқтап маңайын,
бір қанағат қылмайды.
Айтыңдаршы, ағайын,
кім дейтін ек мұндайды?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу