Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  117


Автор: Сәкен Иманасов

Жасырар ем

«Ертегілерде айтылатын жалмауыз, жезтырнақ сияқты құбыжықтар қайда кеткен, папа?» – деп, сұрап еді ұлым бірде.

Қарап тұрып,
қарашы, қинағанын,
(Не дерімді біле алмай, қиналамын)
Жексұрындар әлі де бар десем бе,
қызығы үшін бір күндік қиған арын.
Айналдырып өңін де,
күлкісін де,
жүр десем бе,
біразы жұрт ішінде?
Айтсам ба екен
айыру қиындығын
өзгелерден тірлігін,
түр-түсін де?...
Айтсам ба екен,
апыр-ау, бәрін-бәрін,
Сайтанның да көрдік деп,
сан лаңын.
Тұздай құрып
тұқымы кетпегенін,
Арамызда азғындар әлі барын?
Кім екенін білдірмей тегінің де,
өзгергенін айтсам ба,
өңі мүлде?
Жылап тұрып жылан боп шағатындар,
қылдай күдік қалдырмай көңілінде,
Бізге анықтап көрсетпей бұлдыр кейпін,
арамызда
аңқылдап бір күлмейтін,
Айтсам бе екен,
әлі де бар екенін жәдігөйлер –
жымын да білдірмейтін?
Айтсам ба екен,
білдірмей бір кемдігін,
ойыңды да
өзіңнен білген бұрын,
Алаяқтар ұрпағы әлі күнге
ел ішінде елеусіз жүргендігін?
Айтсам ба екен,
алапат күш көрініп,
құбыжықтар күніге түске кіріп,
Жалмауыздар жүргенін жасырынып,
жезтырнақтар –
тырнағын ішке бүгіп.
Түрі ұнарын,
немесе үні ұнарын,
сездірмейтін
қаншалық сары барын,
Хас батырдың өзі де білмейтінін,
қайсысына
қалайша ұрынарын...
Шақта мынау
күңкілден сөз арылған,
жасырар ем бәрін де озар ұлдан,
ұят деген, шіркінді, қайда қоям,
қайда қашып құтылам өз арымнан?!
Біреулер бекер айтып берді десін,
ұлым-ай,
жасырайын енді несін;
Күні ертең
сол сұмдардың соңғысымен,
соңғы рет шайқасуға сен кіресің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу