Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  344


Автор: Сәкен Иманасов

Құрдастарға қалжың

Айналаны дос тұтып,
Сеніп көріп,
Елірдік те,
Есірдік...
Еліктедік.
Есейдік пе дегенше...
Еркіңді алып,
«Есті» шағың тұр екен төніп келіп...
Қабағына қаратып сан «мықтының»,
Өмір өзі-ақ ұқтырды барлық құнын.
Күйініп-ақ отырып,
Өп-өтірік
Күлуді де үйреніп қалдық бүгін.
Қарқынынан тірліктің қалмай ұштық,
Шарт сынатын жерде де –
Сәл майыстық,
Жақыныңды жаратпай,
Жат біреуге
Жымиғанды шығардық – жандай ыстық.
Арды ақылдың алдына жүгіндіріп,
Әр сөзіңнің айтылмақ құнын біліп.
Жараңды да жасырып тастай қаттық,
Жұрт алдында тістене,
дымың құрып.
Баяғыдай шықпаймыз сынап ерлік,
Бас көтерер тұста да
– Бұға бердік,
Бет-жүзің бар демейтін безер едік,
Жібектей-ақ сызылып шыға келдік.
Тұрып тыңдар біреуді,
жүріп тыңдар,
Сырын да ұқтық, «былық» пен
«шылықтың» бар
«Кісі» болып кеттің де біреулерің,
Кішілікті біржола ұмыттыңдар.
Дәреже бар,
Мансап бар,
Бар бағымыз,
Қателесе алмаймыз сәл ғана біз.
Біріміздің біріміз үйімізге,
Шақырыспай баруға арланамыз.
Жай оғындай жарқылдап өртке енбейміз,
Жаға жырта жауласып, кектенбейміз.
...Өзге түгіл,
Өзіміз түсінбейтін,
Бейтаныс біреу болып кеткендейміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу