Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  129


Автор: Анар Шамшадинова

Қара өлеңнің хандығы

Бақыт қайда? Дауысым қайдалаған,
Бәлкім, барып қайттым да қасына мың.
Алатаудың ақ төсін аймалаған
Қара түннің тығылып шашына мұң.
Сағынышты шыдамға сағалаттым,
Бәлкім, бақыт шабыт боп желбіреді.
Сілекейі шұбырып қанағаттың,
Шодыр бұлтқа ағаштар телміреді.
Арзан бақыт жоғалды, талайы кеп,
Ақылымды ашуым тергемейді.
«Құлың болып, қаласаң қалайын» - де п,
Ақ жаңбырға көк жусан еркелейді.
Үміт өліп тағдырдың табағында,
Сонда жаман пиғылдар шырайланып.
Бар бақытты теңіздің қабағында,
Кете алмайды шағала шыр айналып.
Ертегіңді ерітпес тамамда елес,
Ләззаты өмірдің сандығында,
Қоғамда емес, адамда, заманда емес,
Бар бақытым — қара өлең хандығында!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу