Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  103


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Молла Садық ақынға айтқаны

Аман ба, ақын Саке, жан, малыңыз,
Көбісін жас өмірдің жалмадыңыз.
Мән-жайды уәжі дұға айлап амал,
Ізінен ілім-ікімат қалмадыңыз.
Бақ қонып басыңызға, байтақ билеп,
Өрлеп тұр ат-ауаза, намларыңыз.
Сұбһы-шам, бәлкі-дауам, дұғадамыз,
Жағылған сөнбесіне шамдарыңыз.
Шүкірана шам сарайға еніп енді,
Жайып қол Жаббар Аққа жалбарыңыз.
Қылатын халайыққа жолбасшылық,
Сәруардың Сәйділ башар балларымыз.
Мирасын мекем тұтып бабаңыздың,
Ерте-кеш үгіт айтып, сандалыңыз.
Көлеңке көпке берсе, ғажап емес,
Көгерткен гүжім болып талдарыңыз.
Ашылып Әһлісламға абатшылық,
Ағысты болсын өте аңғарыңыз.
Ала жер бағдаралтай мағлұмынша,
Сақталсын сап алтынға әмбарыңыз.
Өзіндей ағаларға айлап қызмет,
Дұға алу - дүниядағы арманымыз!
Тиді деп мүшәуірлік мәртебесі,
Ат ізін біздікіне салмадыңыз.
Түйеге желіккенде шара бар ма?
Дегендей болды-ау осы әлларыңыз.
Сөзімді осы айтқан ауырласаң,
Ұратын шойын, шоқпар қамданыңыз.
Қателік қалайда да болды десең,
Нарлардай нарау тартпай нан да, алыңыз.

1929.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу