Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  149


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сұлу қыздың кескіні

Бір гүлсің бағып жүрген бақшадағы
Көз тоймас көруге көп бақса-дағы.
Шын көңіл, шырайлы жүз, шашың сүмбіл,
Мөр мысал мүлтігі жоқ ақшадағы.
Аңсаттың мезгіл-мезгіл арзу етіп,
Ширатпа насыбайдай шақшадағы.
Жайдары жатық мінез, сөзің шырын,
Бәһамың хат сияқты баспадағы.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақ дидарың,
Көңілімді ғашық оты басқалады.
Бір мін жоқ, қарап тұрсам форымында,
Өрілген талма белің таспа-дағы.
Жұлдыздай жалт-жұлт еткен жанарыңа
Күн күліп, ай ақсиып, қас қағады.
Сондай-ақ көрген кісі қылығыңды
Көз тігіп, ішпей-жемей мас болады.
Ғашықпын ғайыпана сырттан арзу,
Су мысал сұлу сөзің шәшмадағы.
Осындай арнап жазған сәлемімді,
Аяқсыз ұят жастың тастағаны.
Керіліп, кер маралдай өтіп жүрсің,
Оқжетпес оқшау жерде атса-дағы.
Көркіңді көрген кісі көп ойлайды,
Ғашық боп тұрса-дағы, жатса-дағы.
Нәтпісі бұл сөзімнің қайтпаса егер
Ағаңның айтқаны іске аспағаны.
Қол создым, құштар болып, құлаш жайып,
Миуадай дақ түспеген аспадағы.
Осылай сөздің соңын доғарайын,
Есіңнен еңбегімді тастама ары.
Бой босап, көңіл еріп, күттім жауап,
Шеш талдап бірінші осы бастаманы.

1909




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу