18.07.2021
  122


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Қатын хикаясы

Үйіне бір қатынның қонды Иса,
Үйіне қой демейтін қонақ сыйса.
Төріне тұра сала төсек жайын,
Болды ойы — Иса үшін жанды қиса!
Тандырға тұрды-дағы отты жақты,
Боп қалды нан жабуға намаз уақыты.
Қамырын қалыбынша қойды-дағы,
Жаратқан жадына алып Жаббар Хақты.
Намазға қол қусырып тұрды жеңгей,
Ниеті өлуде емес нәпсін жеңбей.
Баласы ұйқысынан оянды да,
Жылады ашыққан соң емшек ембей.
Жайтаңдап, жан-жағына алақтады,
"Бай-байлап" екі қолын тарақтады.
Шыдатпай шешесінің келуіне,
Қу нәпсі қалайша да қаратпады.
Есіктен шығып бала еңбектеді,
Ойы оның шешесіне келмекте еді.
Жығылып алдындағы жанған отқа,
Мазасын тәтті ауызының кермек деді.
Намазын оқи берді бұзбай оған,
Деді: – Алла, ол балаға менен қоғам,
Арман жоқ, отқа жанып өртенсе де,
Қабыл боп, "Құлым!" – десе, қылған тобам!
Баланың арт жағынан Иса ере,
Шықты да, шошып кетті отты көре.
– Өртеніп осы бала өледі-ау,– деп,
Ұмтылды ұшар құстай қанат кере.
Келсе отыр жан-жағына шоқты шашып,
Қояды бетін сыйпап, басын қасып.
Түрі жоқ күйетұғын күлімдейді,
Таңырқап, тұра қалды аузын ашып.
Намазын өтеген соң, қатын тұрды,
Тандырға нан жабуға қадам ұрды.
Баласы от ішінде ойнап отыр,
Ажары аспандағы айдан нұрлы.
Қатынға Рум Алла деді қарап,
Таңырқар болды жұмыс ажам, арап.
– Қандайша қасиетің бар еді, айт,
Хақ берген жан екенсің пазылы жарап.
– Жоқ,– деді, – мақтанарлық менде қылық,
Күнәм көп кешпесе Алла бұзық қылық.
Сонда да дін мен дүния қатар келсе,
Бітірем дін бұйрығын бұрын қылып.
Екінші — ертелі-кеш ерім күттім,
Алдына ашуланса, арқам тұттым.
Сақтадым аманатын сонша таза,
Сұлтаны сұрағанмен сонша ұлттың.
Үшінші — бітсе дәулет, еттім шүкір,
Келтірмей кеуіліме бөтен пікір.
Шамамша аш, арыққа қайыр қылып,
Құныстай қол қусырып, болдым бүкір.
Төртінші — ететұғын тағы да ісім,
Көргенмен қиыншылық, қандай қысым.
Қайғырып қабақ түйіп: "аһ-уһ" деп
Айтпадым, өртенгенмен от боп ішім.
Қызметім Құдайға жоқ қылған басқа,
Орасан ұятым көп түсер тасқа.
Қылмаса өзі алу, "Әлі мүшкіл!" – деп,
Отырды екі көзі толып жасқа.
– Жарайсың! – Рум Алла деді, – жаса,
Көрерсің соңырағы күн сансыз наша.
Ер болсаң елатыңа пайғамбар боп,
Жүрер ең жол көрсетіп, жарлық шаша.
Күнінде қияметтің гүлдей жайнап,
Тұрарсың хабарыңнан нұрың таса.
Сарайын сегіз пейіштің сайран қылып,
Аларсың ат жүзетін ағысты аша.
Осыдан әйел тобы ібірәт алып,
Құдайдың құлдығынан қойма қаша.
Қосылған қияметтік қосағыңның,
Аяққа аманатын жүрме баса.
Азды-көп айран менен шалабыңды,
Қызғанып, қылма ешкімнен жүзді таса.
Қай түрлі қиындыққа кездескенмен,
Күліп жүр қалтаң қағып, қалма саса.
Тұрмысың тірілікте түзу болса,
Шақпайды ұл-қызыңды шыбын, маса.
Артады абыройың, атың шығып,
Халық біткен қылығыңа таңырқаса.
Бес күндік бейопаға шалқақтама,
Болады әркім әлін шамаласа.
Қайткенмен санаулы өмір сарқылған соң,
Кетеміз ағаш мініп, алысқа аса.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Жан тапшы жасайтұғын ақырғыша.
Орнайды кеуіліне иман нұры,
Кімде-кім бұл айтқанды мақұлдаса.
Айтыңдар алжас жерін аңғарғаның,
Бұл жазған сөз жалпы жұртпен ақылдаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу