Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  160


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Омар мен Таубайдың Жүсібіне айтқаны

Бектерім, бір-біріңмен болсаң тату,
Тарығып, тартпассыңдар тіпте қату.
"Жемейді біріккенді бөрі" деген,
Бұрынғы қариялардан қалған ату.
Қайраты қатарынан асқанменен,
Ерлерге емес оңай тау құлату.
Жақсыға жарасарлық жұмыс емес,
Бурадай шашып көбік, бұрқырату.
Ішінде аз өмірдің араз болып,
Айып іс — аға-ініні сөзге шату.
Жау болған жақынымен — жатқа жем боп,
Еркімен ете алмайды сауда-сату.
Жастарға жаңа өспірім жаздым үгіт,
"Жөн айтпай, жарамас, – деп, – жайға жату".
Болғанмен аспандағы Ай мен Күндей,
Уа, дарих, өмір бітсе, бір күн бату.
Мақсатым — мысал айтып мұндайынша,
Ойласып ойлы ерлермен, сөз сынату.
"Ишарат — ақылы барға" деген нақыл,
Шешенсіп, келіспейді көпті ұзату.

Қармақшы, 1913




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу