Өлеңдер ✍️

  10.07.2021
  134


Автор: Айтуар Өтегенов

Жер атауы – шежірем

Шыңыраулар,
Қыземшектi шоқылар,
Аттарыңнан талай сырлар оқылар...
Тамшалы –
Жаным сенiң бал дәмiңдi аңсады.
Өрмелi –
Үстiртiмнiң әдiптелген ернегi.
Көгесем –
Көкейiмнен кетпей жүрсiң неге сен?
Оғыландым –
Келмейдi уыз қасиетiңдi төгiп алғым.
Бекет-Ата мекенi – киелi жер,
Сенен тiлер iздеген жоғын әркiм.
Таушығым –
Сазы бөлек дауысының.
Күйкенұшқан, Манашы –
Өткенiмнiң сүртiлмеген санасы.
Айрақты –
Ұмытам ба сендей шерлi аймақты.
Ер Қонайдың үйiгi –
Кiрлетпейтiн намысымның биiгi.
Бейнеуiм, Сам құмым –
«Жiбек жолы» даңғылым.
Тасастау, Қайнарым,
Сарқасқа, Тайланым –
Қызып iшер қымызым, қаймағым.
“Қырғыным” –
Жүректе жазылмас бiр мұңым.
Қаражар, Қазыбек –
Қаласың жанымның еркесi, назы боп.
Ақмешiт,
Ақкиiзтоғайым –
Сендерсiз жоқ күнiм, жоқ айым...
Керек пе, бәрiңе бұлақ боп ағайын,
Керек пе, бәрiңе жүрек боп соғайын!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу