Өлеңдер ✍️

  06.07.2021
  130


Автор: Базар Оңдасұлы

Әр нәрсенің парқы бар

Жақсы менен жаманның
Арасы жер мен аспандай.
Байқарсың бір күн, басыңа
Іс түскен кезде, сасқанда - ай
Мырза менен сараңды -
Өлшестіріп қарасаң,
Ылди мен зәулім асқардай.
Ғалым менен наданды -
Салыстырсаң білерсің,
Дария шіреп тасқандай.
Әр нәрсенің осындай,
Алғандарға парқы бар,
Қадірін білсең, мысалы,
Кәрілік пен жас қандай?
Өздеріңдей жақсының
Оңай емес алдында
Татаусыз сөзді табуға,
Кібіртіктеп жасқанбай.
Топқа кисе толымды,
Тозбайтын бектік тоңдайсың,
Мен сендерге - астардай.
Ойдағы менен қырдағым,
Қуан менен Сырдағым,
Қуанып бүгін отырмын,
Есен - сау басты қосқанда - ай!
Опасы жоқ дүниенің
Өлшеулі өмірің таусылса,
Өте шығад бір күні
Көзіңді жұмып, ашқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу