Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  126


Автор: Фариза Оңғарсынова

Таңданам бастықтарға бұл күндегі

Таңданам бастықтарға бұл күндегі,
аумайды-ау бірі бірінен шіркіндері.
Отырыс-тұрысы да айнымайды,
ұқсайды тіпті күбір-күңкілдері.
Жас қораз біздің үйдің түндігінен
айқайлап шығаратын күнді кілең.
Соңында – балапан мен тауық біткен
туғандай бәрі соның кіндігінен.
Болатын біздің қораз батыр керім,
басқалар татпауға да бақұл жемін.
Келеді сол сурет көз алдыма,
көргенде бүгінгінің әкімдерін.
Естіні есірікке жығып беріп,
қарайды ел ақылдыға күдіктеніп.
Ойлылар от басында, әлгіндейлер
әйтеуір әкім болады іріктеліп.
Қарамай ой мен жанның кеңдігіне,
серке деп секірмеге ел ерді, міне.
Ел бастар әкімдерің мәңгүрт болса,
іриді елдің содан елдігі де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу