Өлеңдер ✍️

  16.06.2021
  404


Автор: Ханбибі Есенқарақызы

Ей, Махамбет, ағатай ! «Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні...» Махамбет.


Қаройда басың алынды,
Қапшыққа сосын салынды.
Қуанып дұшпан жарылды,
Жарың қара жамылды.
Құрбандық малдай бауыздап,
Сұлтанның кегі алынды!

Кең дүние тарылды,
Қаралы халық налынды.
Жосадай шашып қаныңды,
Алладан алған жаныңды.
Ажалыңа тап қылды,
Ықыластай залымды.

Ақын өлді, арынды,
Батыр өлді, қарымды.
Екі тарлан жортпайды,
Ел етіп, ескі Нарынды!
Ол заманда , бұл заман,
Ханның қайқы қылышы.
Ақынның басын сағынды!..

Ей, Махамбет ағатай!
Күн шығады сол жерден,
Ай туады сол жерден...
Ештеңе жоқ өзгерген,
Сол баяғы көз көрген !
Бишікештер қозады,
Артық – ауыз сөздерден !..
Сен айтқанды мен айттым,
Сенен артық нені айттым.
Тең түспедім, кем айттым,
Мергендікпен дәл айттым.
Аз қайғымды молайттым,
Қара көзді қарайттым!

Ей,ағатай, сезінгем,
Жаныңды құттай кезімнен.
Тар қолтықтан тиген оқ,
Қан боп аққан көзімнен.
Заманым бөлек болғанмен,
Талабым тектес өзіңмен!
Дес бермей әлі келемін,
Телегей теңіз төзіммен!!!





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу