Өлеңдер ✍️

  12.06.2021
  173


Автор: Марфуға Айтқожина

АҢСАУ

Қарайсың жанарыңнан таралып мұң,


Болар ма алшақтығы аралықтың.


Көлбеген көк мұнарың көрсетер ме,


Іздерін аңсап келген балалықтың.


Көрейін Көлденеңсу,


Көксаламды,


Айыптама,


Көз жазған кеп баланды.


Төркіндеп келген қызың мен болармын,


Алыста жүріп білген тек бағанды.


Өзіндей өзгеше жер табамын ба,


Гүлдерің майысады сабағында.


Соған да риза болып аттанар ем,


Шыңың тұрғай,


Жүрсем де табанында...


Суық қой, болмас, сірә,


Таста сезім,


Табанға көзің қиып баспас едің.


Көңілім сергіп кетті,


Көріп сені,


Мейлі, қайда болса басташы өзің!


Қыран жүр қияныңда батыл шарлап,


Биікте жүріп кімге ақыл салмақ.


Ал менің мынау нәзік жүрегімде —


Жартасыңа барабар жатыр салмақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу