Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  142


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бұлт және күн

Түс көріп ем:
Сақ-сақ күліп албасты,
Жүн-жүн қолмен жағама кеп жармасты.
Келесі күн
Қуанышым мендегі
Өкінішпен,
Ренішпен алмасты.
Қырдың ұлы гүлді қалай қияды?!
Күнмен қоса ол да нұрын құяды.
Бүгін, бүгін...
Қызғалдақтай жырымды
Таптап кетті надандықтың тұяғы.
Жасырмаймын,
Жасырмаймын сырымды.
Бір көлеңке басты менің нұрымды.
Барар жерге жете беріп,—
Әттең-ай!—
Арындаған арғымағым сүрінді.
Дос дегенде көңіліме жаз кірді.
Олар бірақ мені бекер жазғырды.
Басыма күн туған кезде
Оларды
Әзәзілдер оп-оңай-ақ азғырды.
Амал қанша жанбай қойса бағы ұлдың!
Осыны айтып қай кезде мен шағындым?
Кешкілікте тойда болып,
Ертесін
Хирургтің столынан табылдым...
Айтты деме құсасы мен мұңдарын.
Көрген мұны менен басқа мың дарын.
Түйілуін түйілді бұлт,
Сонда да
Ұмытқам жоқ бұлт астында күн барын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу