Өлеңдер ✍️

  23.05.2021
  301


Автор: Алдияр Бақытжан

БАЛА КЕЗГІ КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ

Жағадағы жалбызға бас идіріп,
Таудан аққан тентек су тасиды ұлып.
Жабыға кім білсін, жыртық аспан,
Жанарына қалыпты жас үйіріліп.

Көндіге алмай көктемнің саудасына,
Долы көңілі қалған-ау дауға сірә,
Аяз атам келіпті тәубасына,
Тығылып тау басына.

Пана болмас деді ме баурайды анық,
Қардың жасы қырқадан аунайды ағып.
Топ тырналар барады тауды айналып,
Тәспісінен атамның аумай қалып.

Көктемені қыс, сірә, жүр-ау даттап,
Тауға қашып кетіпті тым аулақтап.
Айыр қалпақ киіпті қыраулы, әппақ,
Қазығұрт тымаурап қап.

Мұнарланған даланың мұңын бағып,
Бозторғай тұр көгімде шырыл қағып.
Құлағына әлдене сыбырлайды
Құба талға жел-жігіт ұрын барып.

Қыспағынан құтылып қыс кеткелі,
Еркін қанат жаяды құс көктегі.
Күн бермей жүр күбіге әжелердің
Әжетіне жарап қап піспектері.

Қыс бойына қайың, тал жәбір көрген,
Көмек күтер көктемдей қадірлі ерден.
Тәңір берген тартудан дүние у-шу,
Үн шықпайды тек анау қабірлерден.

Кеудедегі қыс бойғы қаусап күдік,
Көктем келді ауылға аңсаттырып.
Атам менің күбірлеп тірі жүрген
Санап отыр құрдасын саусақ бүгіп.

Суық қоңын алған-ау сорып анық,
Белдеудегі қалыпты торы да арып.
...«Шүкір...» деді қарт бабам шаршау жүзбен,
Шақшасын қолына алып.


1994 жыл. Ащы Қарабау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу