20.05.2021
  193


Автор: Қази Данабев

АЛҒАШҚЫ МАШИНА

Сол жылғы қыс мен үшін үлкен жаңалық ала келді. Аулымыздан тұңғыш рет машина көрдім. Тоқтаған соң, қорғалақтап қасына барғам - алқынып қалған төбеттей ырс-ырс демігіп, ішектері шұрылдайды.


— Адам-ай, орыстың ойлап таппайтыны жоқ! — Әжем де әлгі машинаны қолымен ұстай жүріп, бір айналып шықты. Кетер кезінде дүр ете қалған машина қалш-қалш етіп, шымырқанған ат секілді табанының астын тарпып, бір-екі уыс топырақты атып-атып жіберді де, зырылдап ала жөнелді.


— Адам-ай, орыстың ойлап таппайтыны жоқ-ау...


Есігіміздің алдында бір-екі төбетіміз болатын, әлгі машинаны тырағайлата қуып, қыр асып кетті, әрине, олардың қандай шаруа бітіріп қайтқанын білмеймін, бірақ мен содан кейін машинаға ұқсап, азанда от алып оянып, жүрсем, башпайларыммен топырақ шаша жүгіріп, ұйықтар кезде де пысылдап жатып көзім ілініп кететін. Машинаға ұқсап шегінемін деп жүріп, шелек толы суға түсіп кеттім. Шелектің ішіне денеммен бүктетіле сиып кеткеніме қарағанда, тіпті кішкентаймын-ау деген ой түседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу