Өлеңдер ✍️

  12.05.2021
  143


Автор: Әлібек Шегебай

«Келін» хикаясы

Желбіретер жел сөздің жалауын да,
Жандыратын қалжыңның қалауын да.
Көңілдер мен пейілдер өз алдына,
Айтып жүрер қызықтың бәрі ауылда.
Бой тасалар болған соң мұнарамыз,
Ағалардың айтқанын құп аламыз.
Қара күштің иесі,
Үйленбеген,
Алшын дейтін бар еді бір ағамыз.
Кедергі боп бір ісі бір ісіне,
Берекесіз табысы, кірісі де.
Әйелі жоқ адамың қайбір оңсын,
Олпы-солпы болатын жүрісі де.
Таранғанда көктемгі текті көрік,
Бипілдетіп көшеден өтті көлік.
«Алшын келін әкепті» дегенді естіп
Ағайындар әп-сәтте жетті келіп.
Жүрегінің жасырып тылсым үнін,
Отырғызып көңілге гүл шыбығын.
Алып қашып кеп тұрған беті екен бұл
Көрші ауылдың керемет бір сұлуын.
Есік алды айғай-шу, абыр-сабыр,
Кемпір біткен «келіннің» жанында жүр.
...Нұқып кетті шешесі Алшекеңді:
«Көнер емес мынауың, қағынбағыр»!
«Орамалды басына жабыңдар» деп,
Енді бірі шауып жүр «қалың мал» деп.
Қос бүйірін таянып Алшекең тұр:
«Әкеп бердім, көндіріп алыңдар» деп.
Алшекең тұр бітіріп бір «ұлы» істі,
Сыртқа бермей сыпайы сырын ішкі.
Он тиын жоқ ойында,
Елемейді
Үй ішінде боп жатқан қырылысты.
Болғанымен кіршіксіз қар секілді,
Кейде мына дүние тар секілді.
Жеңгелері жыртыңдап құттықтайды
«Құтты болсын құсың» деп Алшекеңді.
Өтсе-дағы дәл мұндай сансыз «бәйгі»,
Осы боп тұр әзірге жалғыз «қайғы»,
Қариялар айналып, толғанса да
Орамалды асау қыз салғызбайды.
Болғанымен ағамыз төрдей бойлы,
Күдіктілеу бір үміт кернейді ойды.
Осынша жұрт жата қап жалынғанмен
Дәті берік неме екен, көнбей қойды.
Қыз күңкілін тыңдаса құлағын сап,
Өлем депті, мойнына бұғалық сап.
Алшекеңе көнбеген «келіндерін»
Ағайын тұр амалсыз шығарып сап.
Санасында сауықшыл сайтандар көп
Күндес қана мұндайда қайқаңдар тек.
Таяғына сүйеніп көрші шал тұр:
«Сотқа беріп жүрмесін, байқаңдар» деп.
Қабырғаға қалдырып бар азапты,
Көрші-қолаң біртіндеп тарап жатты.
Көнбей кеткен қапа боп «ғашығына»
Алшекең де бетке алды қора жақты.
Намыс па еді, кім білсін, нала ма еді,
Сол бір сәтте Алшекең жаралы еді.
Күс қолымен көз жасын сүртіп тұрып:
«Енді үйленсем осыдан,
Қара...» – деді.
Қарсы алса да сан асу, белес мейлі,
Таразымен тағдырың теңеспейді.
Көз алдына кешегі көркем жылдар
Көнбей кеткен қыз болып елестейді.
Жалғыздыққа жүргенмен үйренген боп,
Күйінген де, күйген де, күйрелген жоқ.
Елуіңді еңсеріп қалса-дағы
Әлі күнге Алшекең үйленген жоқ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу