Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  210


Автор: Әбділда Тәжібаев

Қан тамырлар

Баллада

Тарам-тарам қан тамырдай,
Ертелі-кеш соққан тынбай,
Телефонның сымдарынан
Дамыл алмай жүргендей қан,
Бір ауыз сөз кетпей текке,
Жетсе бәрі зеңбірекке:
Батарейден от жалақтар,
«Жау қайдалар» снарядтар!
Жаудың оты жалмаң қаққан,
Зеңбіректен, минометтен,
Күркіреді, тынбай тұрды,
Жанған шоқтай оқ жаудырды.
Тарам-тарам тамырлардан,
Жетті тарап әмір жылдам.
Оққа оқпенен жауап кетті,
Жерді қатты дірілдетті.
Сым тамырлар оқтын-оқтын,
Салмағынан түскен доптың,
Үзіледі шыдай алмай,
Батарейге тіл бере алмай.
Сонда жігіт қан тамырлы,
Жалғастырып сым тамырды,
Жеңгізбеді оққа сырын.
Өшіргенше жаудың үнін,
Мадақтаймыз шын ерлерді:
Қан тамырлы жігіттерді!

1941




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу