Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  254


Автор: Мұхтар Шаханов

Туған жерге оралу

Әні автордікі

Әкем сенің төсіңде атын тұңғыш ерттеген,
Анам сенің төсіңде тамыр жайып көктеген.
Мен де сенен ең алғаш таптым арман өрісін,
Сенен ұлы ешкім де болмақ емес мен үшін.

Қайырмасы:
Қарлығаш қалмайды ұяда,
Шарықтап кетсек те қияға
Туған жер, өзіңсің ең үлкен анамыз.
Біз сенің алдында
Мәңгіге бала боп қаламыз.

Көктем сайын қырқанды гүл жабады жаңадан,
Мен көз жұмған шақта да сен, туған жер, бол аман.
Саған деген ерекше сағынышы жоқ адам -
Заман үшін, ел үшін қауіпті адам, ол адам.

Төктің маған аямай жүрегіңнің ыстығын,
Жалын болып лаулады өзің жаққан ұшқының.
Сен жасай бер жаңарып, тіренішім - ұстыным,
Саған арқа сүйеген кезде ғана күштімін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу