Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  147


Автор: Шырын Мамасерікова

Бұқар жырау

Бөбектей жұпар иіс жөргектегі,


Балауса жырларыңды тербеткелі.


Жас шақтан арман қуып кеттінң бе екен,


Сиынып ақындарға жер-көктегі.


Арыған арғымақтай болма деген,


Қуарып бәйшешектей солма деген.


Есімде Бұқар жырау өлеңдері,


Түсерсің ажал жетсе орға деген.


Артыңда қалған мұра - қазынадан,


Естілер даналықтың сазы маған.


Зерттесе Мәшһүр Жұсіп, Мұхтар, Сәбит,


Жырыңды жатқа оқитын Қажым ағам.


Жебесі тастан өтер батыр елдің,


Ай нұрын ұстап мінген ақыны едің.


Алаштың қамын ойлап отқа түскен,


Ұлтымның қамқоршысы, жақыны едің.


-Кәпірлер қала салып құрықтауда,


Қазағым, бермеші, деп ,- ырық жауға!


Араша сұрағансың шыр-шыр етіп,


Көкшетау, Есіл, Нұра, Ұлытауға.


Құлпырып гүлдеуі үшін пүліш өңір,


Қажет деп бейбітшілік, тыныш өмір.


Қантөгіс жасатпаған Абылайға.


Табанды төбе би ең құрыш көңіл.


“Сый - сипат бақшасында сайрандаған,


Бірліктің жүзі жарқын жайраңдаған.


Бірің - жең, бірің - етек болғын !” - деген


Өсиет сөз қалдырған, қайран бабам!


Бөлінсең бөрі жейтін сорың бар деп,


Ынтымақ ауылына қоныңдар деп.


Жар салып тұрғандайсың әлі күнге:


“Туғандай бір анадан болыңдар!” - деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу