Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  325


Автор: Шырын Мамасерікова

Жойылсын соғыс

Желбіреп тұр ұлы Жеңіс байрағы,


Отанымның бау-бақшасы жайнады.


Бірақ-бірақ...


Жиырма миллион мерт болып,


Туған жерге қайтпады елдің қаймағы.


Қос беті бар секілді дәл тиынның,


Екі жағы боп тұр Жеңіс сыйының.


Қалай айтып түсіндірем халқыма,


Зұлмат соғыс зардабының қиынын.


Бір беті - күн, бір беті - түн Жеңістің,


Қуаныш пен қасіретін тең іштім.


Жау жеңіліп шаттансам да, айырылдым


Әке, ағадан ...Жұбата алмас мені ешкім.


Мейлі, оқушым, келіспегің, келіскің,


Бір беті - күн, бір беті - түн Жеңістің,


Жеңгем күтті өлгенінше күйеуін,


Құрбаны боп сағыныш, мұң, кейістің.


Жетімдіктен зарлап өсті балалар,


Көз жұмғанша тосты ұлын аналар.


Атқылаған бомбалардан өртеніп,


Жермен жексен болды қанша қалалар.


Бақ-дәулеттен басы айналған ел кәні,


Бірі күліп, бірі жылап жүр әлі.


“Соғыс мәңгі жойылсын!” - деп күндіз-түн


Ыңырсиды тілім-тілім жер тәні...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу