Өлеңдер ✍️

  18.04.2021
  206


Автор: Махамбет Өтемісұлы

Тар қамау

Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске.
Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген
Тағы сынды ер едік,
Тағы да келдік тар жерге.
Таңдансаң тағы болар ма
Тәңірің салған бұл іске?!
Ата-енені сөктіріп,
Ат басына соқтырып,
Нәлет десең болмас па
Осынау біздің жүрген жүріске




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу