Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  154


Автор: Саят Әбенов

Торғайға апарар жол

Торғайымды қатты жақсы көрем мен,
Махаббатым өлшенбейді өлеңмен.
Ол себебі ұлылардың ұясы,
Ұлылықтың бесігіне бөленген.

Ақынның да жетпес оған мақтауы,
Сазгердің де аздық етер тәтті әні.
Қарсы алады түскен сәтте пойыздан,
Арайланған Арқалықтың ақ таңы.

Торғай жолы - жанымызды жұбатқан,
Шөл басасың тоқтап тұрып бұлақтан.
Аман-есен елге жеттік дейміз-ау,
Амантоғай көрінгенде жырақтан.

Бел ортада Батпаққара мекені,
Ол мекенге қандай мекен жетеді.
Байғабыл мен Құмкешудің құмдары,
Өзіменен бірге ертіп кетеді.

Таныс аймақ, таныс қырат әр көрген,
Қауыштырар сол ұзақ жол мәрт елмен.
Тоқтап-тоқтап тынығасың жол бойы,
Өте шығу мүмкін емес Жаркөлден.

Түрлі ауыл қарт Торғайға барғанша,
Барғаныңша шырқалады ән қанша?!
Сужарғанның бойына да аялдап,
Су ішесің шөлің, шіркін, қанғанша.

Бөленесің сонда бөлек сезімге,
Шұбалаңға жақындаған кезіңде.
Сол кездері тұра қалар жарқ етіп,
Туған жердің портреті көзіңде.

Жол бойында жүрек жырын толғаймын,
Бізге күнде туа бермес ондай күн.
Шешіледі сағыныштың тұсауы,
Құшағына жеткен кезде Торғайдың!

Шексіз,неткен, өр Торғайдың даласы,
Сөзің жетпес, көзің тоймас, қарашы.
Бір адамның ғұмырындай екен-ау,
Арқалық пен Жангелдінің арасы.

Ең бастысы сөнбесінші шырағы,
Бұл қарт Торғай - тектілердің тұрағы.
Тіпті жолдың шоқалағын сездірмес,
Елге деген сағыныштың шуағы.

Өмірдің де бар қызығы сол дер ем,
Мен кетсем де кете қоймас ол менен.
Туған жерге барып тұрсам болғаны,
Торғайыма апаратын жолменен.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу