11.04.2024
  63


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Намыс

(поэма) І
Аулымыздың iргесi
Жасыл саздақ кiлемдей.
Бала бiткен
Күнде осы
Саздақтамыз түгелдей.
Бiр ойыннан бiр ойын,
Бар ойынды өткерiп,
Мен де жүйткiп жүремiн
Топ iшiнде доп теуiп.
Күн батардың алдында
Дуылдайды бұл алап.
Осында дем алуға
Үлкендер де құмар-ақ.
Жанкүйер боп
Ойынға
Көз тiгедi қызығып.
Бұрыс кеткен добыңа
Гулеседi кiжiнiп...
Өстiп бiздiң ойынды
Қараған соң шамалы,
Назарлары
Көңiлдi
Әңгiмеге ауады.
Бiрi биыл жайлауда
Көп iс барын айтады.
Бiрi қалай майданда
Соғысқанын айтады.
Тiрi кiтап – үлкендер,
Әңгiмеге қанасың.
Дәл киноға кiргендей,
Әсерленiп қаласың.
Бал-бұл жанып жүздерi,
Жантайысып жатады.
Күрестiрiп бiздердi,
Тамшаға батады.
– Шақарын-ай мынаның,
Әне, әне, бүктедi!
– Сен бiлмейсiң, шырағым,
Нағашысы мықты едi.
– Е, е... Дұрыс шалысың,
Жаса, Төлен, Жарадың.
– Қайда сенiң намысың,
Әй, әй, Дауыл, қарағым!
– Алдына жан салмады,
Төлендi айт, жiгiт! – деп.
– Болашағы алда әлi,
Бұ Төленнен үмiт көп.
– Дегенменен, көремiз
Шопандардың тойында.
– Тойды қашан деп еңiз?
– Ендiгi айдың онында.
– Құйтымдай боп ананың
Шиырысын қарашы!
– Ал мынаның
Тамағын
Бермеген-ау анасы.
– Жоқ не әдiс, амалы,
Бала екен бұл бор кемiк.
– Мараттың бiр баланы
Жыққанын бiз көрмедiк.
Шарпыды ұят бетiмдi,
Жығылып бар баладан.
Күлiп тұрған секiлдi
Маңайдағы бiр адам.
Жер шұқимын иiлiп,
Баладай-ақ кiнәлi.
Көзiме жас үйiрiп,
Намыс шiркiн буады.
Мен шамалас сыналған,
Мен шамалас қиналып,
Менi ғана жыға алған
Дауыл да тұр ұялып.
Қарап алып айнала,
Жақындадым Дауылға.
Сыбырладым жай ғана:
– Достым, бекер аңырма.
Бар баладан жығылып,
Жүремiз бе қор болып?
Бiз де бiраз шынығып,
Бақты сынап көрелiк.
Болса егер талабың,
Үйге қазiр зытамын.
Сұрап алам
Ағамның
«Күрес» деген кiтабын.
Аулағырақ кетемiз
Жетпес жерге дауысың.
Үйренемiз екеумiз
Күрестiң не әдiсiн.
Қиындықты көзге iлмей,
Шапқылап тай-құнандай,
Тiрi жанға сездiрмей,
Жаттығамыз бiр айдай.
Шығармаймыз мұны естен:
Аузымызды бағамыз.
Оған дейiн
Күрестен
Бойды аулақ саламыз. –
Сөзге келмей келiстi,
– Дұрыс, – дедi ол құптап.
Тындырғандай мол iстi,
Кеттiм оны қолтықтап.
ІІ
Сырт жағында ауылдың
Көксай деген сай бар-ды.
Сонда болу әрбiр күн –
Дағдымызға айналды.
Кiлем дерсiң дала нақ,
Тұр алуан гүл өсiп.
Кiтапқа бiз қарап ап,
Жаттығамыз күресiп.
Табанында Көксайдың
Сылдырлайды бұлағы.
Жан-жағында көк шалғын
Жұпар сеуiп тұрады.
Таппаймыз бiз бiр тыным,
Бiр жығылып, бiр жығып.
Әдiстердiң түр-түрiн
Үйренемiз құлшынып.
Тiрi жан жоқ
Шуласып,
Шығаратын есiңдi.
Күлетұғын ымдасып
Ешкiм де жоқ кесiрлi.
Жанкүйерлер бiз үшiн –
Беткейдегi гүл бiткен.
– Алда әлi, – деп, – қызу сын,
Құптасады үмiтпен.
Қиындықты жеңемiз,
Маңдайдан тер тамшылап.
Тоқтамаймыз
Денемiз
Қалғанша әбден сансырап.
Зырқылдайды шекемiз,
Дәрмен жоқ тiк тұруға.
Сонда да бiз жетемiз
Мұздай бұлақ суына.
Шаршасақ та жоқ тағат,
Жуынамыз ерiнбей.
Шынығамыз
Оттан ап,
Суға салған темiрдей.
ІІІ
Бүгiн жайлау төрiнде
Шалқыған күй, ән-думан.
Той қызығын көруге
Шұбырған жұрт ауылдан.
Көз тартады алыстан
Шағаладай ақ үйлер.
Үйден-үйге жарысқан
Шат-шадыман сәбилер.
Машиналар тiзбегi,
Автолавка, дүкендер.
Мәз-мейрам боп,
Жүздерi
Бал-бұл жанған үлкендер.
Әзiлменен қағысқан
Сал жiгiттер осында.
Ауыздықпен алысқан
Сайгүлiктер осында.
Бармағынан бал тамған
Күйшiлер де осында.
Көрген адам таң қалған
Бишiлер де осында.
Малшы ағайлар құрметтi
Сый-алғысқа кенелдi.
Көпшiлiктi ырза еттi
Қыз-жiгiттер өнерлi.
Небiр әндер айтылды,
Күй кернедi аспанды.
Жарыстан соң сан түрлi
Бала күрес басталды.
Дауыл бүгiн құр аттай,
Мәртебесi жоғары.
Белдескенiн
Шыдатпай
Лезде алып соғады.
Мына мен де
Дауылдан
Қалысатын емеспiн.
Шыға алмады алдымнан,
Жыға алмады менi ешкiм.
Күшiм тасып денемде,
Таңдандырдым халықты.
Мықты деген Төлен де
Бұйым болмай қалыпты.
Оздық Дауыл екеумiз
Шақ келтiрмей ешкiмдi.
Жаттықпаппыз бекер бiз,
Мақтау сөздер естiлдi.
Айтатыны бәрiнiң:
– Жарады бұл екеуi!
Екi езуi Дауылдың
Құлағына жетедi.
Жеңiп ап бас жүлденi,
Бiр демдедi көңiлдi.
Иемдендiм бұл жолы
Мен екiншi орынды.
 Ентелеп жұрт iшкерi,
Таңдайларын қағады.
– Екеуi де
Күштерi
Бала едi шамалы.
Күреске бұл екеуiн
Баулып жүрген кiм? – дейдi.
«Кiмi» намыс екенiн
Ешбiреуi бiлмейдi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу