27.03.2024
  46


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Сәлем саған, мектебім

Сәлем саған, мектебiм,
Алтын ұям, армысың!
Көңiлiмде көп менiң
Саған айтар алғысым.
Көңiлдi өттi демалыс,
Кездiм дала, тауды да.
Жайлаудағы ең алыс
Бардым атам аулына.
Көп қолғабыс жасадым,
Бағып бердiм қойларын.
Ат үйретiп,
Асаудың
Құлағында ойнадым.
Әжем бiр iс жүктесе,
Орындадым оны да.
– Демалғаның құп, – десе,
Кiтап алдым қолыма...
Зеңгiр көкке, алысқа,
Қиялменен самғадым.
Сайран салдым Марста,
Шолпан бетiн шарладым.
Шықтым зәулiм тауына,
Терiп қайттым тастарын.
Оралғанша аулыма,
Уақыт өттi қас қағым...
Қырда жүрiп қой бағып,
Мюнхаузенге кезiктiм.
Дойбы ойнап,
Ойланып
Отырмай-ақ, тез ұттым.
Ғалым Шоқан ағамен
Асулардан бiрге астым.
Қожа деген баламен
Пiкiрлесiп, сырластым.
Ақ, қызыл боп соғысқан
Қырғынды да өткердiм.
Айырылып қоныстан,
Теперiштi көп көрдiм.
Колчактардың қолына
Түсiп қалдым бiрде мен.
Ерiп Сәкен соңына,
Қашып шықтым түрмеден.
Солай Сәкен ағамен
Бiрге өткiздiм жаз айын.
Жауыздардың жаман ең
Тарттырдым-ау сазайын!
Қайрошпен ой бөлiстiм,
Талай ауыр жол шектiм.
 Жан аямай соғыстым,
Талай ерлiк көрсеттiм.
Сәби болып күлiп те,
Асыр салдым аулада.
Альпинист боп биiкке,
Өрмеледiм тауға да.
Келдiм қайтып, мектебiм,
Алыс қалды қарлы шың.
Көңiлiмде көп менiң
Саған айтар алғысым.
Нұр себiлсiн бөлмеңе,
Терiп келдiм қыр гүлiн.
Құйшы тағы кеудеме
Қоңыраудың сырлы үнiн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу