27.03.2024
  35


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Сөз үйретсем

Күлдім
Телехабардан
Бір тотыны көрдім де.
Жатсам-тұрсам
Санамнан
Шықпай қойды ол мүлде.
Зерек өзі ісіне,
Айтқан сөзді ұғады.
Үйге келген кісіге
Сәлем беріп тұрады.
Тотым болып дәл сондай,
Сан алуан ой кешіп,
Қызықтарды тауыса алмай
Отырсам ғой сөйлесіп...
Кешке әкем келгенде,
Айттым оған өтініш.
Тұрса, – дедім, – бөлмемде
Сөйлейтін бір тоты құс.
– Болсын, балам, қалауың,
Сатыла ма? Ол қайда?
– Құс сататын
Қаланың
Дүкенінде болмай ма?
 – Иә, болады,
О, пірім,
Ойымда жоқ ол менің.
Бірақ онда
Тотының
Сөйлегенін көрмедім.
– Әкеле бер біреуін,
Сөйлемесін ол мейлі.
Үйретуді білемін,
Үйреткен соң сөйлейді.
– Қала жаққа өзім де
Барып қайтсам деп едім.
Бірақ науқан кезінде
Қалай барып келемін?
Сөз үйретсең,
Білемін
Зерек қараторғай да.
Ұстап соның біреуін
Әкеп берсем болмай ма?
«Жөн-ау,
Олар жөнінде
Оқығам-ды газеттен.
Ұмытпастай өмірде
Ісі мені мәз еткен.
Семейде бір...
Құс әнін
Қадірлейтін кісінің
Қараторғай күн сайын
Алдайды екен мысығын.
Айналасын жиі аңдап,
Қонады екен шарбаққа.
Мысықтарша мияулап
Қарайды екен жан-жаққа.
Бұл дауысты есіткен
Байғұс мысық әңгүдік
Ытқиды екен есіктен,
Балаларын қалдырып.
Шықса үйден ол үркіп,
«Не боп қалды құрғыр» деп,
Қараторғай төгілтіп
Сайрайды екен бұлбұл боп.
Қиын ба екен сөйлеген
Сайрағаннан бұлбұл боп?»
Осындай бір ойменен:
– Мақұл, – дедім міңгірлеп...
* * *
Сол кеткеннен
Бүгін тек
Оралды әкем қарға алып.
– Керегі не мұның? – деп,
Қарап тұрдым таңданып.
– Қараторғай аулаудың
Сәті түсе қоймады.
Осыны ұстап алғаным
Шабындықтан ойдағы.
Осал емес бұлар да
Үйрете алсаң төзіммен.
Выборгте бір қарға
Қырық шақты сөз білген.
Әкемнің
Еш сөзінің
Болған емес жалғаны.
 Жетер деймін төзімім
Үйретуге қарғаны.
Үйге оны алып кеп,
Қанатына жіп өрдім.
«Енді ұшпасың анық» деп,
Еденге бос жібердім.
Талтаң қағып,
Ол барып
Орын алды бұрыштан.
– Енді, – дедім, – толғанып, –
Оқытамын, туысқан!
Қиын емес пәлендей
Сабағымыз әуелгі.
Созып сазды әуендей
Үйренесің «А» деуді.
Себебі бұл «А» деген
Түспеген сөз аспаннан.
Әліппеміз әуелден
«А» әрпінен басталған.
Ешкім зиян шекпеген
Аздап сауат ашқаннан.
Сөз білмеген
Көппенен
Тілдесе алмай аш қалған.
Сен ашықсаң:
– Дән! – дейсің.
Дән десең-ақ – дән жейсің.
Я болмаса:
– Нан! – дейсің.
Нан десең-ақ – нан жейсің.
Егер мұны білмесең,
Ашығасың бүрісіп.
Ал, сөз біліп:
– Су! – десең,
Шөл басасың су ішіп.
Ұстай алса біреу кеп,
Ашуланып:
– Қой! – дейсің.
Ренжисің:
– Жібер! – деп,
Сөйте-сөйте сөйлейсің.
Кім үн қатса:
– Қарға! – деп,
Шақырды деп ұғасың.
Үнсіз тұрып қалма тек,
– А, – деп мойын бұрасың.
– Қарға!..
«Қыңыр неме ме,
Мұнысы не пәлесі?»
Үндемейсің сен неге?
Мойын бұрып:
– А, – деші.
Бұрмады ол мойынын,
Айтпай қойды «А» деп те.
Жер боп қалды көңілім,
Жата ма осы әдепке?!
Әлде ашығып қалды ма,
Халі жоқ-ау сөйлеуге?
Тілі де жоқ
«Алдыма
Жем әкеліп қой», – деуге.
Тойып алсын тыңқиып,
Отырмасын томсарып.
 Бір кесеге су құйып,
Табақ қойдым жем салып.
«Бұл ақылым
Ақыл-ақ
Болды-ау» дедім шегініп.
Ту сыртынан бақылап
Қарап тұрдым емініп.
Бірақ суды ол ішпеді,
Жемімді де жемеді.
Дәті берік құс па еді,
Неткен қырсық неме еді.
«Мазағыңа көнем бе,
Кекетесің текке! – деп.
Өзін «Қалға» дегенге
Отыр ма әлде өкпелеп?..
Түседі «Р»-ым «Р» болып,
Жазсам,
Жазам мұны дәл,
Ал сөйлесем,
«Л» болып
Естілетін жыны бар.
– Бүйтіп айт, – деп, – шырағым,
Қате тауып «Р»-імнен,
Үйреткенде мұғалім,
Үйренуге ерінгем.
Белден басып «Р»-ды мен,
«Л» дейін,
Жұрт ұғады.
«Жел» дей салам «Жерді» мен,
Ал Нұлалым – Нұралы.
Боланбайым – Боранбай,
Пелнебегім – Пернебек.
Қоналбайым – Қонарбай,
Зелнебегім – Зернебек.
Бұрсам да атын мен өстіп,
Артқан емес ел өкпе.
Ашуланған емес түк
Тарзан деген төбет те.
«Әке», «Көке» десем де
Отырғаны безеріп.
Тілімді енді кесем бе,
Бұл қарғаға не жорық?
Аяп кеттім оны мен,
Әлде іші пысты ма?
Терезеге қойып ем,
– Қар! Қар! – деді ышқына.
Не дегенін түсінсем!..
Түсіну де керек-ау.
«Сөз үйрету үшін сен
«Р»-ды айтып ал!» – дегені-ау!
Биік ұстап мүлде өзін
Менсінбей тұр
Не дейін.
Тез үйреніп «Р»-ды өзім,
Әуселесін көрейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу