21.03.2024
  38


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Жаңа жыл кешінде

Жаңа жыл.
Жаңа жыл келеді,
Безенген елка,
Карнавал.
Қызықтар не деген көп еді,
Көргенде әркім-ақ таңданар.
Біреулер еліктеп өткенге,
Айналды гусарға, ноянға.
Біреулер киіп ап бетперде,
Айналды тиінге, қоянға.
Біреулер мысыққа, тышқанға,
Кәмшатқа, кірпіге айналды.
Біреулер диюге, мыстанға,
Қарсаққа, түлкіге айналды.
Біреулер айналды сауысқан,
Қаршыға, сұңқарға.
Біреулер айналды
Арыстан, сәйгүлік, тұлпарға.
Біреулер айналды табанда
Қоразға қып-қызыл айдарлы.
Біреулер борсыққа, қабанға
Аюға, маймылға айналды.
Төленді сүймейтін жан адам,
Сотқар-ды, түрі де сұсты еді.
Қасқырға айналу ал оған
Пәлендей қиынға түспеді.
Мінеки, әжетке жарады
Әдеті, дағдысы бұрынғы.
Жүгірді қанталап жанары,
Алақтап әркімге ұрынды.
Жолында тұрғанды ол қағып
Өтетін,
Не дауа тентекке!
Бір шетте лақтар жүр қорғанып,
Тығылып жүр Қызылтелпек те.
Қызыға қараймыз елкаға,
Қызды ойын...
Қарша қыз ән салды.
Ал Аяз атамыз – ортада
Биледік, білмедік шаршауды.
Біздерді шаттыққа бөледі,
Жаңа жыл қуаныш ап келді.
Келелі
Өнері
Көп еді,
Қызық кеш тарайтын шақ келді.
Міне, енді мысық та, тышқан да
Қоян да, тиін де, кірпі де,
Кәмшат та, дию де, мыстан да,
Аю да, маймыл да, түлкі де,
Сауысқан, қаршыға, сұңқар да,
Қораз да қып-қызыл айдарлы,
Арыстан, сәйгүлік, тұлпар да –
Қайтадан адамға айналды.
Сыпырып пердесін табанда,
Жалт етті Төленнің жанары.
Шешкенмен пердесін,
Адамға
Айнала алса ол, жарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу