28.01.2024
  34


Автор: Софы Сматаев

Құбашжан-ау, құлыным-ау, ойпыр-ай, соншама неге жүдеп кеткенсің...

— Құбашжан-ау, құлыным-ау, ойпыр-ай, соншама неге жүдеп кеткенсің! Құр сүйегің қалыпты ғой, балам-ау. Баяғыдан бері бір келмей осынша неге кешіктің? Ылизажан екеуміз өзіңді күте-күте жалығып едік. Сен бар ғой, сен тасбауырсың, Құбаш. Әлдеқашан келер едің ғой әйтпесе. Ылиза, самауырға от салып тез шай қой. Қазан көтер.


Рабиға самбырлай сөйлеп оянды. Қамзолының қалтасын сипалап ораулы түйіншекті қасына қойды. Есікке қарап тың тыңдады. Түс көрді ме, қуанып отыр.


— Әй, әлгі Құбаш қалқам тағы шығып кеткен бе? Отырмайды-ау, ол, отырмайды. Шұбар атқа шөп салып жүр дейсің бе? Ойбай-ау, күпәйкесі көрінбейді ғой. Мына боранда қайда барады, ей. Тағы да шөп тасымақ па? Үсіп өлетін болды-ау байғұс бала. Елгезек болған соң жұмсай береді де. Жылы киінсінші. Мойнына бөкебайын салсын. Ұмыттырмашы, Ылиза...


Рабиға бір кезде орнынан көтеріліп тысқа тұра ұмтылды. Эльза ұстай алды.


— Апа, сен жат. Дем ал.


— Жібер, Ылиза. Үсіп өледі әлгі Құбаш. Үйге шақырайын, өзім шақырам...


— Апа, Куваш жоқ. Ол келеді. Ертең.


— Келген құлыным. Келген. Осында. Әлгінде ғана далаға шығып кеткен.


Эльза сүріне-жығыла жүріп арпалысқан Рабиғаны пеш түбіндегі орнына сүйеп әкеп отырғызды. Әжей тынышталған соң дөңгелек үстелге дастарқан жайды. Алдына тамақ қойды.


— Апа, сен шай іш. Ыстық. Сонсоң сен басыңды жуады мен. Тарайды. Камм... Тарах бар.


Рабиға қайтадан жүдеу тартты. Бірер кесе ыстық шай ішті де, кейін сырғыды. Сүзіліп қызға қарады: Әй, Ылиза, соғыс бітер. Құбашым да келер. Келеді кұлыным. Екеуміз той жасаймыз. Жасаймыз тойды. Күнім, алақаныңды берші. Түу, жарылып-тілініп кетіпті ғой. Аллай, су тисе ашытады ғой мынау. Кілегей жағар ма еді.


— Найн. Ауырмайды. Апа, Куваш келеді. Сен айтты. Біз той жасайды.


Эльзаның жүзіне нұр жүгірді.


— Ылизажан-ау, көктем шықты ғой. Мені күншуаққа апаршы. Келші, иығыңа сүйенейін.


Эльза кемпірді әрең деп көтеріп орнынан тұрғызды. Рабиға қыздың жүдеу түріне қарап басын шайқады. Қолын босаға жаққа созды.


— Жо-жоқ! Таяғымды әпер. Соған таянайын. Сен қолымнан ұста, қолымнан. Суық қой буын-буынымды жібермей ұстап тұрған. Күн ысысымен құлантаза жазылам. Екеуміз Құбашжанды әлі-ақ қарсы аламыз.


Шуақтап есік алдында көп отырды. Төңірекке сығалап көз тастайды. Сабауымен топырақты түртпектеп шимай-шимай сызық түсіреді.


Эльза келді.


— Апа, жүр. Су ысыды. Саған бас жуады.


— Кейін, Ылиза. Кейін.


Эльза тұрып-тұрып әжесінің шапанының етегін қымтап үйге кіріп кетті.


Тұла бойына қызу жүгіріп шуақта маужырап отыр. Кеткісі, тұрғысы жоқ. Бір кез айқай салды:


— Ылиза! Уау, Ылиза, аналар неге жүгірісіп кетті? Неге айқайласып кетті?


Жарысып балалар келеді. Ең алдында Қордабай. Қиясбекті жетектеп алыпты.


— Әже! Сүйінші! Жеңіс! Біз жеңдік!


— Ура-а-а! Жеңіс!


— Көп жаса, Қиясбек! Сүйіншіңді аласың. Бар, басқаларды да қуантыңдар!


Екі бетіне қан жүгіріп есі шыға қуанған Эльза әжесін құшақтай алды.


— Сииг... Женис! Апа, енді Куваш келеді!


— Келеді күнім, келеді.


— Апа, сен жылаған не? Жылама.


Ақ сабау анандай жерге ұшып түсіп, кемпір шалқалап құлап бара жатты. Күлгін жүзді ыстық жас жуып, тыржың-тыржың еткен қан-сөлсіз беттің тор-тор әжімдеріне мөлт-мөлт іркіліп қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу