28.01.2024
  36


Автор: Софы Сматаев

Сәрсеннің ауыз үйі.

Сәрсеннің ауыз үйі. Сықырлауық кереуеттің үстінде дөңбекшіп Қиясбек жатыр. Назары терезеде. Әйнек шынысы көкшіл көздің жас тұнған шарасындай дымқыл тартқан. Арғы жағынан Эльза сығалап тұрғандай.


Кенет... Әлдеқайдан шырылдай көтеріліп тұп-тұнық мұңлы ән жетті.


— Апа-а-а! Дегбірі қашқан Қиясбектің ышқынған жан даусы шықты.


Кереуеттің басынан ап-арық қолдарымен жармаса ұстап орнынан көтерілді. Тәлтіректеп жүріп киінген болды. Әкесінің ауыр пимасын аяғына сұға салып есікті шалқасынан түсіріп тысқа беттеді.


Дала жап-жарық. Күн сәулесі қыстай көлеңке сорған баланың кірпіктерін аштырмайды. Көзін жұмып аз-кем тұрып қалды да, қайта қозғалды.


Бұрыштан қыбырлап айналғанда, Әлиман кассирдің үйінің сыртқы қабырғасын лай балшықпен сылап жатқан Эльзаны көрді. Эльза жалаңаш қолмен суық лайды от қарығандай іліп алады да, ырсиып айғыздалған қабырғаны қайта-қайта үйкелейді. Бес-алты бала қасында тұр. Сүйретіліп Қиясбек жақындағанда, Эльза әнін тоқтатты.


— Қиясбек?! Сен нихт кранк? Сен ауырмайды? деп Эльза қарсы жүріп келіп балшық жұққан екі қолын тигізбей, қарымен баланы құшақтады.


Қиясбек жылы құшақта тұрып әлденеге мәз болып, әлденеге мерейлене көңілденді. Жарығы көп жайраң көктемге жаңа туған жас төлдей аман-есен жеткеніне қуана ма, ойын, күлкісі таусылмайтын достарымен қайта қауышқанына іштей марқая ма, әлде жүректе жатқан ынтызар әннің ырғағын шала естіп масайрады ма, өзінше күлген болады.


— Ылиза, сен неге біреудің үйін сылайсың? Керек болса Әлиманның өзі сыласын. Сен оның малайы емессің. Суық тиіп ауырасың ғой.


— Найн, жоқ. Ауырмайды. Апа тамақ керек. Мен сут алады. Апа сут ішеди.


Қиясбек тыңдаған жоқ. Лай жұққан нәзік саусақтарды екі қолдап ұстай алды. Мұп-мұздай екен. Демімен үрлеп жылытпақ болды.


— Бәрібір суық. Әлиманның сүті керек жоқ... Ылиза, мен саған бояу қарындашымның біреуін берем. Өзім әкеліп берем. Иә ма?


— Гут, Қиясбек! Данке... Рақмет...


— Ән. Ән салшы-ы-ы...


Эльза үнсіз келісті, шашын сілкіп қап, маңдайын жарқыратты.


Ән баяу көтеріліп шарықтап барады.


Қиясбек көкшіл көздерге құмарта қадалды. Бір кез... Әлгі көздердің кірпіктеріне лып етіп қос маржан жылтырап қонақтай қалды.


Қиясбек теріс бұрылып мойны салбырап кібіртіктей басып ұзап барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу