28.01.2024
  43


Автор: Софы Сматаев

Рабиға кимешегінің сыртынан аппақ күндігін қоқырайтып күбірлеп отыр...

Рабиға кимешегінің сыртынан аппақ күндігін қоқырайтып күбірлеп отыр.


— Немере сүйем. Шілдехана, бесікке салар жасаймын!.. Уай, той көп-ау! Тұсау кесер, тоқым қағар, сүндетке отырғызу, дегенде тарамыс саусақтар жыбыр-жыбыр санайды. Түгел бүгіліп, қайта ашылады.


Санаған сайын әжімі азайып, мерейлі жүзге қуаныш қуаныш үйіріледі.


— Ылиза, сендерде той көп бола ма?


— Той? А-а, Файнер, Фест! Иа, той көп.


— Шілдехананы білемісің? Ойбай-ау, ол дегенің тойдың нағыз көкесі ғой.


— Найн! Жоқ!


— Сүндетке отырғызу тойын ше?


— Жоқ!


— Саспа, Ылиза, асықпасаң, құдай қаласа, өзіңе әлі бәрін көрсетем.


Рабиға әжей әлден-ақ сол ынтық күндерді кеше бастағандай сылқ-сылқ күледі.


Есік шалқасынан ашылды. Қолтығында сары қағазға ораулы қомақты заты бар, аяғына үлкен пима сұққан Қиясбек тарп-тарп басып кірді.


— Әже! Әже-ау, үйдемісің? Міне, мен сендерге бар ғой, ет әкелдім, ет...


— Қиясбекпісің! Ойбүй, жарығым, даусыңның зекеті болайын. Келе ғой, күнім! Етің не айтып тұрған? Тышқақ лағының әлдеқалай аяғы сынса, әкесі өлгендей қарау қабақтанып көкең бала-шағаға күн көрсетпей-ақ қоюшы еді. Ол шіркін әдетінен қалай жаңылып қалды екен, ә?


Орнынан бір тізесін қос қолмен басып түрегелген Рабиға еркелеп келіп қаспақ танауды бір тартып, алдына тұра қалған баланы құшақтап маңдайынан сүйді.


— Өстіп анда-санда келіп тұрсайшы, Қиясбек. Әжең байғұс сені сағынбайды деймісің. Күніне он барып, он иіскеп кеткім келеді. Біздей кәрілерді жақтыра ма осы күнгінің кербайтал қатындары. Жарайды. Жарайды, бұртима. Саған шеше болғанмен маған келін ол.


— Әже, мен биыл оқуды қойдым ғой. Барғам жоқ. Былтырғы етігім жыртылып қалған. Көкем пимасын кигізбейді. Су қыласың дейді. Жалаңаяқ далаға қалай шығарсың. Анада, апам үйде жоқта ойнағым кеп есіктің алдына шығып ем... ой! Табаным тызылдады-ай кеп, тызылдады-ай кеп!


— Етті кім берді? Көкең беріп жіберді ме? Біреу қасап қылып па екен?


— Ойбай, әже! Білмейді екенсіз ғой. Шұбар ат мертігіпті. Мал болмайды деп үреднік нәшандігі өзі сойғызыпты. Етін жұмыскерлерге бөліп беріпті. Сізге деп көкем әкеліпті. Мынаны қайда қояйын?


— Қоя сал анау әбдіренің үстіне! Құбаш қарағым шұбарынан айрылған екен. Жануар да мертігіпті-ау. Қайтейін, обалы сұм соғысқа болсын.


Рабиға сылқ отыра кетті. Біраздан соң еңсесін тіктеп бәсең тіл қатты.


— Ылиза, қазанды отқа қой. Тамақ істейік. Көмірің аз емес пе екен, күнім?


Қиясбек орнынан тұрып бара жатқан Эльзаға қарады. Қалтасынан екі бояу қарындашын алды да, әлдене ойына түскендей қайтадан жасырды.


— Апа, ет пісіреді сен, иа?..


— Пісіреміз, Ылиза. Көмір әкеп салшы. Эльза шапанды иығына жаба сап шелекті ала сала сыртқа беттеді.


— Апа, сен неге неміс қызын асырайсың?


— Ылиза менің қызым.


— Неміс қой, шашы аппақ.


— Менікі де аппақ. Міне, көрші өзің.


— Иә деген. Нанбаймын. Ол неміс.


— Бұрын неміс болса, енді қазақ болды. Қазақша сөйлейді. Сенің әпкең.


— Менімен ойнай ма?


— Ойнайды, Қиясбек. Ойнайды.


Эльза ентігіп кірді. Шымшуырмен плитаның қаңылтырын ашып, көмір салды. Су құйып темір шөгенді тесікке қойды. Пеш аузындағы құмғанмен күйе жұққан қолын асықпай жуды. Содан соң ұйқтап жатқан Құбаштың үстіндегі ескі көрпені қымтап өтіп, Рабиғаның қасына тізерлеп отырды. Еркелеп кемпірдің маңдайына маңдайын тигізді.


— Ой, қыз болмай кет, қыз болмай кеткір. Аймаламасаң отыра алмаймысың. Ішің пысып бара жатса әне, анау Қиясбекпен ойна. "Хан талапай" ойнаңдар. Мен ет салайын, деп ұршығына сүйеніп орнынан тұрды.


Эльза енді екі ұртын томпайтып бағжиған Қиясбекке күлімдеп қарады.


— Сен маған айтады ертек. Иа?


— Қазақшаны қайдан білесің?


— Aпа үйретти. Куваш үйретти.


— Аймаңдай ма?


— Найн! Найн! Нихт Аймаңдай10. Аймаңдай жоқ, Куваш айт. Ол Куваш.


— Жарайды, Құбаш дейін. Ендеше неге былдырлайсың. Үйретти-сүйретти емес.


Эльза сәтте бұртиды. Көзіне буалдырланып кейісті көлеңке жүгірді.


Қиясбек аяп кетті.


— Мен де үйретем. Жарай ма?


— Иа-а! Иа! Мен үйренеди. Жақсы сөйлейди. Қиясбек оң аяғын созып жіберіп қалтасынан қарындаштарын шығарды.


— Көрдің бе, Ылиза!


— О-о, жақсы. Сен маған береди?


— Көкем ұрсады ғой. Әйтпесе берер едім. Ылиза, сен өкпелеме. Рұқсат ет деп көкеме айтайын. Ешкімге ұстатпа деген. Мен күзде тағы да мектепке барам ғой. Аймаңдай... Құбаш ағатайым әнеукүні ескі пиманы табандап берем деген. Мен екінші класқа көштім ғой.


— Сен оқы. Жақсы оқы.


Қиясбек бұрыштағы домбыраны көрді. Екі көзімен тесіп, қызығып қарап қалыпты. Жалбыраған кекілін бір сипап қалып, ернін күбір еткізді.


— Домбыра ма?


— Иә. Домбура. Куваштикі домбура.


Құбаш қыбырлап оянды. Эльза тез тұрып барып көрпемен аурудың кеудесін қымтады. Саусағын безеді.


— Нихт бевегт. Қозғалма, Куваш.


Құбаш өзіне қадалып отырған баланы көрді. Күлімсіреп езу тартты.


— Қиясбек?! Сен қашан келдің?


— Ағатай! Міне, бояу қарындашымды көрші. Мен енді оқимын. Сурет саламын, деп Қиясбек еңбектеп Құбаштың қасына барды. Домбыра сенікі ме?


— Иә, өзім жасадым.


— Құбаш, ынтықтырмай ойнап берші ініңе, деді Рабиға мына жақтан.


Сол-ақ екен Қиясбек ытқып барып домбыраны әкеліп берді.


Құбаш "Ақтілеуді" ойнады. "Кеңес" күйін тартты.


— Мә, енді сен тарт, Қиясбек.


Қиясбек икемсіз саусақтарын әрең бүгіп, домбыраны тынқ-тынқ шертіп көрді. Божыраған үннен ұялып Эльзаға қабақ астынан көз тастады.


— Ағатай, үйретесің бе?


— Үйретем. Сен білесің бе, Қиясбек, Эльза керемет әнші! Эльза, сен ән салшы...


— Айта ғой, күнім!


Эльза сәл жымиды. Кейін шегініп жүрелеп, мойнын соза отырды. Маңдайына түскен кекілін сілкіп қап, шырқап жіберді. Мұңлы ән діріл көбейтіп, кішкене бөлмені өзгеше ырғақпен толтырып барады.


Қиясбек қыбыр етпей мүлгіп қапты. Әлдекімді қатты сағынатындай, әлдекімді аңсап іздейтіндей. Ән біткенде көпке дейін үнсіз отырды.


— Әже, мен қайтайын. Тағы келем ғой. Көкем пимасын іздеп жатқан шығар.


— Тамақ ішіп кет. Ет пісіп қалды.


— Ет?! Апа, етті қайдан алдыңыз? деп Құбаш көтеріліп, жауырынын қабырғаға сүйеді.


— Оу, ағатай-ау, білмеймісің. Шұбар атты сойып.. жұмыскерлерге бөліп беріп, етті мен әкелдім, деп Қиясбек мақтана сөйледі.


— Шұбар ат па?


Рабиға күрсінді. Төмен еңкейді. Етегін уыстай бүріп сипақтап отыр.


— Мертігіп қалған соң жануарды босқа арықтатпайын деп нәшандік сойғызыпты.


Құбаш бүк түсіп жата кетті. Көрпені басына тас қып бүркеніп алды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу