Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  28


Автор: Жібек Ысқақова

БІРЕУГЕ МЕН

Біреуге мен — жақсы жанмын, ұнаймын,
Жарқыраған аспандағы Күн, Аймын.
Мені көрсе қуанатын жандар бар,
Көргендейін жанға жақын Күн, Айын...
Біреуге мен — ұнамаспын, жақтырмас,
Ілік іздеп сөздерімді жақ қылмас.
Мені көрсе сырт айналып өтер-ау,
Сылтау айтып, орағытып таптырмас.
Біреуге мен — шуақ шашар араймын,
Жылу беріп, күн нұрындай тараймын.
Жақсы көріп, мені іздеп тұратын,
Жақсы адамы болармын мен талайдың.
Біреуге мен — ұнамайтын шығармын,
Жүрген жерін көңілсіздеу қылармын.
Араласар адамдардың ішінде,
Олар үшін ең соңында тұрармын.
Біреуге мен — ең керемет адаммын,
Биік шығар басқалардан бағам мың.
Кезіктірсе қуанар-ау, шаттана,
Көргендейін үлгі тұтар адамын.
 Біреуге мен — өсек болып жүрермін,
Өсек болып түстеріне кірермін.
Мені олар даттайтын да шығар-ау,
Мен жайында жіпке тізіп білерін...
Өзім жайлы ой қозғасам қосып-ай,
Қалмаңыздар мына менен шошып-ай.
Ақ пен қара қатар жүрер қашанда,
Бізге берген өмір заңы осылай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу