Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  63


Автор: Жібек Ысқақова

АЖЫРАСУ

Ажырасып жатыр ерлі-зайыпты,
Кім екен-ау бұған бүгін айыпты.
Тағдыр шығар, кім біледі, олардың,
Сүре алмаған бірге өмірді байыпты...
Балалары жәутеңдейді, қарайды,
Көре алмай шуақты таң, арайды.
Ажырасу неге көп боп кетті бұл,
Екі тарау жолға салған талайды...
Біреулері ажырасар жәй ғана,
Ашуына жанарлары байлана.
Ашу барда соқыр болар ақылы,
Сабырсыздық санасына жайлана.
Енді бірі жолдан таяр, ашына,
Сырттағы бұл жүрістерін жасыра.
Ашылса егер аяқ асты жүрісі,
Ажырасу келіп жетер қасына...
Байлық, атақ, мәнсәп қуар біреуі,
Отбасының бағаланбай тілеуі.
Үйден емес сырттан іздеп жайлылық,
Басталады жанның іштей жүдеуі.
Кейбіреуі аспандағы айды аңсар,
Қызық болып өзге өмір жай-жапсар.
Енді бірі тым қызғаншақ болады,
Қызғаншақтық ажырауға жол бастар.
Денсаулық бар, ден сау болса шіркін-ай,
Ажырасу бұзбас еді құлпын-ай.
Бала тумай ажырасар біреуі,
Үрейленіп, өз-өзінен үркіп-ай...
 Өмір шығар, тағдыр шығар барлығы,
Әр адамның өз қолында тағдыры.
Жыламасын ең бастысы балалар,
Қуанышты, шаттықты боп әр күні.
Балаларға керек ана, әке де,
Бала ортақ, мейірім төк, мәпеле.
Ажырасу мұң бермесін оларға,
Ата-ана боп биік шыңға жетеле...!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу