Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  37


Автор: Жібек Ысқақова

МАҚАЛДЫ ШУМАҚТАР

«Қырық үйден тыйым» дейді қыздарға,
Сөз төркінін түсінген жан ескерер.
«Қыз ал» дейді көріп қыздың анасын,
Анасындай қызы болар,— деп сенер.
«Ұлдың жолы ұлы жол», —қателеспе,
Ел бастайтын, қорғайтын туған жерін.
«Ерлер тұрар бір саты жоғарыда»,
Сыйлау керек құрметтеп әйел ерін!
«Базар» дейді халқымыз:«Балалы үй»,
Балаларды қорғайтын Ана болсын!
Үйдің сәнін келтірер, өмір мәнін,
Бала-шаға ағайын аман болсын!
«Әке-Асқар тау болса, бұлақ —Ана»
Бала шаға жайқалған болар құрақ.
Ата-ананы құрметте бар кезінде,
Өкінерсің кеш болса сосын бірақ!
«Қазыналы мекен ол, қарты бар үй»,
Бақ-береке, ынтымақ, бірлігі бар.
Сыйлай білсек қарттарды кем болмаймыз,
Баталы үй, жарқырар түндігі бар.
«Еңбек етсең емерсің»,- жейсің нанын,
Жақсы көріп, жұмысым бағым дейсің!
«Еріншектің ертеңі таусылмайды»,
«Ертең барам жұмысқа»…тағы үндейсің!
 «Өтіріктің құйрығы бір ақ тұтам»,
Бақ әкелмес өтірік ешқашанда.
«Баспайды өрге өтірік», көңіл солар,
Шындық болсын, шыншыл бол әрқашанда!
«Ана тілі — бәріміздің анамыз»,
Ұлтымыздың анасы ол өйткені.
Мәртебесі тілімнің биік болса,
Көгереді көңілімнің көктемі.
«Отан деген басталар отбасынан»,
Әр отбасы кішкентай бір мемлекет.
Жанұяда сыйластық, бірлік болса,
Жоламайды біздерге еш бәлекет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу