Эсселер ✍️

  28.11.2023
  159


Автор: Нұрхалық Абдырақын

Мен қазақтар үшін алаңдаймын

Біздің кафедраға жаңа оқу жылында екі қытай мұғалім келді. Біреуі Жаң текті Бейжіңдік, енді бірінің есім сойы Цау, Уханьдық профессор. Екеуі мүлде екі түрлі кісі. Жаң салмақты, ойланып сөйлейтін сабаз болса, Цау ұшқалақ, көп сөйлейтін аңғал. Аңғал болса да үндемейтін, ішімдегіні өзің тап дейтін Жаңға қарағанда салдырлап жүретін Цау маған ұнады. Екеуміз жақсы араластық. Маған оның көп сөйлегені жақсы болды, тілдік орта жаратып берді.


Қытайда кандидаттық, докторлық қорғамаса да, тіпті, докторлықты, магистрлікті оқымаса да ғылымға қосып жатқан үлесі болса, ғылыми жобаларға жетекшілік жасап елге пайдасы тиген болса, жазған оқу-құралы ғылыми айналымға түссе, жұмыс өтелі болса доцент, профессорлық атақ береді. Цау да Жаңда еңбегі елге сіңген ғалымдар екен.


Қытайда оқу-ағарту минстірлігі сайтында жыл сайынғы жарияланған ғылыми жоба тақырыптарынан бірін ғалым таңдап өзінің жүзеге асыру жоспарын ұсынады, бекітілген жоба  өндіріс ошақтарының қаржысымен жүзеге асырады. Теориядан практикаға, өндіріске түскенге дейін қадағаланып ғылыми жоба соңына шығып халыққа өз пайдасын тигізеді. Ал осыны жүзеге асыруға қажетті адам күші, көлік, техника, үй, т.б. барлық қажетті қамтамассыз етеді.


Біздің универде барлығы топырлаған қыз, тіпті мұғалімдер де дерлік әйелдер, бастықтардың да биік өкшесі тақылдап каридорды жаңғыртуы еш уақытта тыншымайды....ішіне симай кеткен Цау үзілісте маған кездесе кетіп, сендердің универде ұлдар оқымай ма? Барлығы қыз-ғой. Ұлсыз бұл елдің болашағы сонда не болады?! Мен соған алаңдаймын? Ялиан базарына барғанда байқадым жігіттердің көбісі сол жақта таудай-таудай жүктерді жаяу сүйреп жүр. Мен недерімді білмей күбірлей бердім...


Бір екі студентімнің «сабақтан басқа уақытта қытай тілі дәрежелік емтиханға (HSK) бізді дайындаса, ақшасын төлесек» деген әңгімесін мен Цауға айттым. «Қыздарды оқыта алмаймын» деп, бірден келіспеді. Таң қалған мен себебін сұрағанымда «мен ер адаммын, сабақтан тысқары кез көбінде кештер, не сенбі, жексенбі күндері, ол кезде елдің көбі жұмысқа келмейді, не үйіне кеткен шақ. Одан басқа уақытта не олардың не менің сабақ кестем сәйкес келмейді. Ал өзің ойлашы, сол кезде бір ер адамның бір екі қызға сабақ өтуі өте ыңғайсыз, сырт көзге өсек тудыратын іс», дегенде мен екінші рет Цаудың алдында үнсіз қалдым.


Тағы бір үзілісте сіздерде тіл мамандығының өзінде әдебиет, тағы басқа бізде жоқ пәндер өтіледі екен. Әдебиетті арнаулы басқа бір факультетте оқытады. Сосын қытай тілінің сағат сандары өте аз, тіл білмей, қалай қытай тілінен маман болады?! Студенттерде тәртіпке бойсұну, не бір оқиын деген ұмтылыс да байқалмайды, тек диплом үшін жүргендей, көбісі. Білімсіз маман елге зиян деп, ұзақ сөйлей бастағанда мен сағатыма қарап «келесі сабаққа кеттім» деп, зулай жөнелдім...


Бір күні астыдағы буфетте екеуміз шай ішіп отырғанбыз, таныс әйел мұғалім  менімен қол алысып амандасты. Цау сендерде ер адам әйелмен беттен сүйіп амандасып, кетерде ауыздан сүйіп қоштасады екен. Сен олай істемедің-ғой деп күлді. «Сен бұған қалай қарайсың» деп, өзіне сұрақ қойдым. «Сүйісіп амандасу емес, ер әйел қол беріп амандасқанда жүрекке жол кетеді, адам ыңғайсыз күй кешеді, өте-мөте мен сияқты бойдақ жүрген ер адамдарға тіптен мазасыздық әкеледі. Содан отбасы бүлініп, қоғам теп-теңдігі шайқалады. Оны айтпанда бірден бірге ауыру таралады. Ал сүйісіп қоштасу деген ол енді, ұят», дегенде қалған шайымды ары қарай ұрттауға зауқым соқпай, мешиіп қалдым.


Далада тұрдық, тағы бірде. Қысқа көйлек киген біздің студент қыздар жіп-жіңішке ұзын темекісін құшырлана сора бастады. Мен ұялғанымнан ол жерден жылыстай бастадым. Артымнан ерген Цау күңкілдеп өзімен өзі сөйлеп келе жатты. Оның тек «киім, темекі, ұстаз, шәкірт» деген сөздерін ғана анық естідім.


Бір сенбіде ертіп ауылыма апардым, жансыз ауыл, таяғына сүйенген көксау қария мен бутолкасын құшақтаған алқаш жігіттерден басқа жасамыс әйелдер тәпішкесін сүйреп, сандары жарқылдап, Әлімнің дүкенінен нан алып барады. Орыстан қалған көне тоз қос қабатты ауыл әкімшілігі алдында ел туы жөнсалдау қозғалады. Қатарында тұрған почтада өлі тыныштық, қара құлып бағып тұр.


Зейнет ақы бергенде бұнда үлкен той болады. Әлімнің орыс әйелі қарыз жазған дәптерін алып келіп, пошташы Ардақ апайдың оң жағында қонжиып отырып, қарызын жинайды. Соңғы жылдары күрделі ремонттан өткен мектеп қана ауылға жан беріп тұр. У да шу бала үні аспанға жетеді. Ауыл емханасның алдында ешкім байқалмайды, қос кеудесі іркілдеген ақ халатты жалғыз дәрігердің артындағы екі еден жуғыш арық оралман әйел жүрген ізін сүрте қуалай үйіне дейін барып қайтады. Ішкен-жегені бетінен көріне,  қарны сыртына тепкен жуан құрсақ мектеп директорының жанында әкімнің өзі жіптіктей жігіт. Жекешеленуде сатылып кеткен балабақша бүгінде Ақанның сыйыр қорасы. Ауыл айналасы түгелімен егіс атызы, көктемде келетін инвесторлар ауылдың барлық жерін қопарып айдап тастаған. Ауыл халқы кедейліктен қалтырап бес қойы мен екі сыйырын айдап, жалғыз аяқ жолмен қу тақыр қырға малын айдап барады. Ауылдың жалғыз көшесін қырық шоқпыт жамаумен әупірімдеп ұстап жүрген әкім әлемдік алдыңғы қатарлы отыз елден дәмелі.


Тағы бірде қала сыртындағы үйіме апардым, қала сырты дейімін-ау, қалада үйі бар адам құсап, сол үйге де әрең жеткеміз, біржағын жарға сүйеп, бір жағын қарға сүйеп жүріп, үйі жоқ қаншама мұғалім жүр, оған да шүкір. Қытаймен салыстыруға келмейді, универ оқытушылары жұмысы болмаса универ ауласынан сыртқа шықпай, өмірін өткізуіне де болады, баланың балабақшасы, емханасы, дүкен театр, кино т.б. бәрі де универ ауласының ішінде, тиімді бағамен берген үйді ақырындап, ақшасын төлеп құтыласың. Ал ғылыми атағың бар болса, үйің тегін. Үй мен жұмысың тиіп тұр, сабағың жоқ кезде жатын бөлмеңе барып ұйқтауыңа, ғылыммен айналысуыңа әбден болады. Келерде зулап келген машинам жұмысқа барарда оталмай қалды. Автобус аялдамасына жеттік, ауыл жолын жылда жасаған болады, жылда мың шұңқыр пайда болады, автбустар кестесін амалсыз бұзады. Шапай ауылыннан шыққан шолақ автобус Комсомол мен Аманат ауылынан өтіп, КазЦикке келгенде есігі жабылмай қалады,(бүгін олай болмаса екен деп ішімен тілеп тұрмын). Қырсыққа дәл солай келді, Цау екеуміз ары қысылдық, бері қысылдық, мүлде симадық, екіншісін күттік. Алматының күзі күліп тұрса да таңғы суық сүйегіңді қақсатады. Жарты сағатта тағы біреуі келді, ыңырси тоқтады, артқы есіктен зорға сиыстық. Есік екі үш рет шиқылдап барып әрең жабылды. Осыдан он жылдың алдында жүретін орыстан қалған автобустар бұндайда есігі сынатын, жүргізушінің жанынан еш қалмайтын ақша алғышы артық адамды суырып тастайтын, ал бұл қытайдан әкелінген жаңа автобус, бұлар кәдімгі адамның ішкі қынжылысын сеземе байқұс темір, қарнын керіп кеңи беретін сияқты. Бізден кейін де адамдар түсіп, шығып жатты. Тымырсық ис құсқыңды келтіреді, еркек-ұрғашы демей, тығыз жымдасып кеткен, тіпті бір-біріне қабысқан. Танауларынан шыққан жаман жел еріксіз қосылып төбеге көтеріледі. Көліктің іші өз алдына бір өмір, кәрі де жас, жаман да жақсы да, бастық та, қараша да, зинақор да, тақуа да, бәрі, бәрі бірдей тепе-тең. Адамдар желін шығарған ризинкадай қабысып тұр. Шалбар киіп, шашын жая жалаңбастанған, саптама етіктегі ашулы еркек-қатындарға толы. Байқұс автобус ышқына қозғалды. Водник, әскери қалашық деп, адамдар айқайлап түсіп, мініп жатты. Күйген тауықтың исі мүрын жарған сайға келгенде қалың кептеліс басталды. Сағаттап тұрған біздер ақыры қалаға іліндік. Сейфуллин-Шолхов көшесіне жетіп, тысқа шығып, ауа жұттық. Көлік ішідегі елдің қарасы бұзылмаған күйде шиқылдай қозғалып алға жылжыды. Біз екінші қоғамдық көлікке міндік, жүйткіген ұзын автобустар құйрық тістесе, қаланың жалтыр көшесінде қар суымен кеткен жылқыдай осқырына, ойнақ салып, екінші жолаққа ытқып шығып, елді шу еткізеді. Анадайда қисая қырындап отырған тас Ленин бізге қарады. Оның аржағында көздері жыртық, беттері тыртық бомждар ағаш арасынан көрінді...


Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ала қашардай түстері сұрланған екі жігіт сау етіп суық кіріп, билеттеріңізді деп, құдды әр жолаушыда қарызы бардай шұқия қадалады.


- Сіздің картаңызда ақша жоқ екен, төленбеген, деп әжімдері ауыр жылдар табын еске салған жүзі сынық кемпірге төне кетті. Бір адам болса да табылғанына қуанып.


- Жүріңіз шытраф төлеңіз....


- Ақшам жоқ, әлі зейнет ақым тимеді.....


- Жүріңіз, түсіңіз....түспесіне қоймай жағасына жармаса орнынан тұрғызды. Екі беті оттай жанған апа, ұяттан өліп барады. Ұятсыз өскен олар оны білмейді, тек қызмет өтегіш роббот. Амалсыз жыртық шәркейін сүйрете есіктен түсіп бара жатты, бейшара.


Есіктен қу қаңқасын сүйреп кірген апа жан-жағына қарап, орын іздеді. Жастар өтірік қалғиды, ұрлана көзін ашып түсетін жерін қарап, тезден көзін жұма қалады. Рухы әлсіз, жүзі сынық ана орын сұруға батылы бармай, мелшиіп көлік ішінде қара терге түсіп, асылып тұр. Орыс кемпір қолында көтерген күшігі бар, көлікке мінді. Қыңсылаған иті баж-бұж ете түскенде оған екі орын босады, итін жанына отырғызып өзі де жайғасты. Анада-санда иті риза болмай қыңсылайды, аузына аузын тигізіп, бірдеңесін айтып, тамағынан сипалады, иті де тынши қалды. Иті тағы қыңсылады, алдына алып басына бетін тигізіп искеп қояды, ит тағы тыншыды. Қазақ апа қаздиып әлі асылып тұр. Жанымдағы Цау да үнсіз, мен де үнсіз, универгеде жеттік ақыры.


Неге екенін білмеймін, мен сендерді жақсы көрем, сондықтан да мен қазақтар үшін алаңдаймын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу