Өлеңдер ✍️

  11.10.2023
  138


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Қызыма кеңес

Енең - анаң емес,
Бірақ сен қорқатындай адам емес!
Ол сенің ақ тілеушің, жанашырың,
Ендірме жүрегіне күдікті егес!

Шын сүй де, өз анаңдай риясыз бол,
Сыйлай бер ақшаң болса, сыйлық та мол!
Құшақтап, маңдайынан бір сүйіп кет,
Әлденеге алаңдап отырғанда ол!

Көп сұра ақыл-кеңес, жанына үңіл,
Көңіл бөл, ашуланса, себебін біл.
Анаңмен көп сөйлеспе, оңашалап,
Ашық бол қатынаста, көңілді жүр.

Жеткізбе әрбір істі төркініңе,
Жау қылып көрсетпегін жақынды елге.
Күйеуің сені мәңгі сүйсін - десең,
Жол тапқын анасының жүрегіне!

Жиіркенбе енеңнен мұрын басып,
Іш киімін жуа сал, кетпей қашып.
Өз қолыңмен шомылдыр жас балаша,
Шашын тара, ауырса қалма сасып!

Шәйін бергін дәмділеп, шын сырласып,
Әр ісіңді ақылдас, тамыр басып.
Ол кісіге ұнамас нәрсе қылма,
Әзәзілге жол берме, араны ашып!

Ата-енеңе дәмдіні бірінші ұсын,
Балаларың "маған"- деп, жылай тұрсын.
Ұл-қызың да сыйлайды ертең сені,
Дәл осындай үлгіні көріп өскен.

Гүлмекен Қасенбай
29.12.2021




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу