16.09.2023
  233


Автор: Отбасы күні

Отбасы - өмірдің мәні, көңілдің сәні

Қазақ елімізде «Отан отбасынан басталады» деген терең мағыналы әдемі сөз бар. Расында да, отбасының әрбір мүшесі білімді де тәрбиелі болса Отанымыздың жұлдызы жарық болары анық қой. Әрбір отбасы қоғамның бір бөлшегі, шағын мемлекет, біздің Отанымыз. Сол Отанымыздан нәр алып, сол отанымыздан тәрбиелі, білімді болып шығамыз емес пе? Отбасының байлығы жанұядағы әрбір жанның бақытына байланысты емес пе? Жанұядағы бір адам ауырып қалса барлық мүшесі қиналып, сол адамның тілеуін тілейді емес па? Міне, отбасының бізге берер қамқорлығы мен бізге берер сүйіспеншілігін осындан-ақ байқауға болады. Отбасы – әрқайсымыз үшін сүйіспеншілік, сыйластық, жарастық, татулық орнаған қасиетті мекен. Сол мекенді аялап, құрметтеп жүру әрқайсысымызға парыз. Осы кішігірім «Отанымызда» бойымызға дарыған тәлім – тәрбие, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілік, ар – намыс қағидалары өмір бойы біздерді алға жетелеп жүреді. Өйткені, отбасының бала тәрбиесінде алар орны ерекше, баланың қалыптасуы отбасынан бастау алады емес пе? Сол себепті, туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүретіні сөзсіз.
Ата мен ананың тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасатынын бәріміз де білеміз, бәріміз де сезінеміз. Қазақта мақал бар ғой, «Ұлдың ұяты әкеде, қыздың ұяты шешеде» деген яғни халқымыз ұл баланың да, қыз баланың та отбасынан бастау алатын тәлім – тәрбиесіне аса мән берген. Олар тәрбиелі болып, мәдениетті болып өссе ол отбасының зор қуанышы болмақ.
Сондықтан, әрбірімізге отбасы өте қажетті, басқаша ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Әр отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес,  қоғамның да басты негізі болып табылады. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды, солай емес пе? Ендеше бізге қуат беретін, нәр беретін отбасымызды аялап, отбасының әрбір мүшесін құрметтей білейік!
Сөзімді бір ауыз сөзбен қорытындыласам, Отбасы — өмірдің мәні, көңілдің сәні...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу