Өлеңдер ✍️

  10.09.2023
  65


Автор: Шөмішбай Сариев

Жерге тимей табаны

Жерге тимей табаны,
Құстай қанат қағады.
Поезд жүйткіп келеді,
Ойлар жүйткіп ағады.
Вагонда отыр бақ жанып,
Бақытына таңданып.
Поезд жүйткіп келеді,
Түнгі әлемді қақ жарып.
Тағдырына бағынды,
Адам қуып сағымды.
Асығады ұлы өмір,
Ал, түн болса сабырлы.
Қарайды өмір түн үнсіз,
Тірлік болса тынымсыз.
Түсінбейсіз әлемді,
Ұйықтап тұрмай бүгін сіз.
Түннің үнін тыңдар ең,
Қабағыңда мұң бар ең.
Тәтті дейді түнгі ұйқы,
Әлдилейді түнгі әлем.
Жолға сидық күнімен,
Күн мен түнім бір іргең.
Мен отырмын сырласып,
Бір ғажайып түніммен.
Түн тұңғиық жұтады,
Жайқала өскен бұтағы.
Түнгі кітап, түнгі әлем,
Махаббаттың кітабы!
Түнгі әлеммен мауқың бас,
Ғашық жүрек сан сырлас.
Махаббаттың кітабы,
Таң атса да таусылмас!..

26-27 қаңтар 2011 жыл
Алматы – Астана сапары.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу