Өлеңдер ✍️

  10.09.2023
  322


Автор: Шөмішбай Сариев

Әлдилей бер, ән-өлең

Ән-өлең әлдиінде тербетілдім,
Арасында аспан көк, жер мен күннің.
Қасиетті киелі Қазағымды,
Еркелеп халқым-жұртым, Елден жүрмін.
Ән-өлең әлдилейді бесігімдей,
Туған жердің төрі мен есігімдей.
Тербетті Сырдария, Жайығымдай,
Толқытты толқып аққан Есілімдей.
Ән-өлең әлдилейді тіршілікті,
Әуеніне қуанып күрсініпті.
Бір қарасақ қыс келіп ақ қар жатыр,
Бір қарасақ көктем кеп бүр шығыпты.
Ән-өлең әлдилейді ән-ұраным,
Беретін қайрат-жігер, жаныма мұң.
Өзі шағын өзінен сезім үлкен,
Құп-құйттай әнге кейде табынамын.
Ән-өлең әлдиледі жүрегімді,
Әнмен айттым әлемге тілегімді.
Мен осы дүниеде сезінемін,
Ән тербетіп тұрғандай Ұлы Өмірді!
Ән-өлең әлдиледі баяғы да,
Өмірдің әуенде екен баяны да,
Келер-кетер адамдар мейманы ғой,
Өмірдің басы да әуен, аяғы да!
Толқынындай дария мен тасқын көлдің,
Әуен-сазды мәңгі үнсіз тастан көрдім.
Ән-өлең әлдилей бер шетсіз-шексіз,
Құпия екі арасын аспан-жердің!..

17-18 қаңтар 2011 жыл
Алматы шаһары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу