Өлеңдер ✍️

  10.09.2023
  96


Автор: Шөмішбай Сариев

Құстардың үнінде

Құстардың үнінде,
Ғашықтар тілінде,
Жер жаһан гүлінде –
Лирика.
Даланың желінде,
Аспанның көгінде,
Осынау өмірде –
Лирика.
Арудың назында,
Өмірдің жазында,
Ғасырлар сазында –
Лирика.
Төрт мезгіл маусымда,
Ақиық тау шыңда,
Жаңғырған даусында –
Лирика.
Бұлт болып жүзгенім,
Үмітті үзбедім,
Мен сені іздедім –
Лирика.
Қуаныш, мұңыммен,
Іздедім Күнімнен,
Жұлдызды түнімнен –
Лирика.
Айналған сағымға,
Тамырым, қанымда,
Жүрегім, жанымда –
Лирика.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу