Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  89


Автор: Шөмішбай Сариев

Туған елдің түтіні

Туған елдің түтіні де тәтті ғой,
Тоңа ма деп таңы талай атты ғой.
Қараша үйдің ұйып балдай қаймағы,
Қанаттарын түтін түзу қақты ғой.
Кешегі сол түтін дәмін ұмытты
Маздаған от бұзбай шырқын тұныпты.
Туған елдің түтіндері тік ұшқан,
Сан ұрпақтың жан-жүрегін жылытты.
Бірі сірә, болар бәлкім ғажаптың,
Шаршап күткен ащы аязды азат күн,
Қараша үйден түтіндері тік ұшып,
Бүтінделді бауыр еті қазақтың.
Қалай сақтап қалсам деумен тірегін,
Қараша үйге қосқан арнап тілегін.
Қараша үйден маздаған от қазақты,
Әлі күнге жылытардай жүрегін.
Бірде толқын, бірде болмай күтімі,
Қажымайтын қара домалақ бітімі.
Көбейсе екен, қара бала қазақта,
Көбейсе екен қараша үйдің түтіні.
Әрбір туған қыз-баласы, құт үні,
Арда емген сүттің дәмі, сүт үні.
Қазақ-қазақ бола алмайды ешқашан
Қараша үйдің көбеймесе түтіні.
Бүгін Елім, Тәуелсіз Ел – болды азат,
Болса дағы қиын-қыстау жолда азап.
Ұлы қазақ, ұлы дана, данышпан
Түтініңді түзе деген сол Қазақ!

6 желтоқсан, 2012жыл
Алматы-Астана сапары


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу