Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  124


Автор: Шөмішбай Сариев

Түйе

Түйе десе жүрегім толғанасың,
Аруана нарлардың жолда-анасы.
Мен осы бала күннен түйе досым,
Балалық шақ дәурені – көл жағасы.
Көл-қайықтың ескегін ескен елім,
Балалық дәуренді мен кешкен едім.
Түйенің өркешіндей биік бар ма,
Сол өркеш биігінде өскен едім.
Қанатын түйе үстінде бала қақты,
Алдымызда көсіліп дала жатты.
Жарықтық аруана өркешінде,
Бал шағым серуен салып бара жатты.
Түйе жайлы жаза алам көркем етіп,
Түйе жайлы айта алам ертек етіп.
Мойнына да оралды бала шағым,
Аруана сол түйем еркелетіп.
Өнерім көп болатын елден де өзге,
Таңсық болып көрінген көрген көзге.
Түйенің өркешінде тік тұрамын,
Аруана жарықтық желген кезде.
Табысқан арманменен айқаса үміт,
Бұл да бір өнер екен байқаса ұғып.
Ойынды көрсеткенмін цирктердей,
Бауырына оралып қайта шығып.
Түйе үстінде серуен құратынмын,
Өркешіне ілініп тұратынмын.
Балалық еркелікке көнетін-ді,
Аруана түйесі – ұлы ақынның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу