Өлеңдер ✍️

  06.09.2023
  105


Автор: Шөмішбай Сариев

Теңселіп терек байқап тұр

Теңселіп терек байқап тұр,
Ойлай да білсең, ой тапқыр.
Малынып сұлу ақ қарға,
Оранып жатқан ойпат-қыр.
Аман қып татқан сан у-дың
Ғажап-ау көзі танудың,
Ойпат-қыр кейде төсіндей,
Шалқалап жатқан Арудың.
Жата ма ару малынбай,
Бір жігіттің бағындай.
Ойпат-қыр кейде төсіндей,
Ақ балтырлы санындай.
Төгіліп күйдің пернесі,
Разы да болып «еу» деші
Батырдың кейде ойпат-қыр,
Сауыт киген кеудесі.
Біткен істей иіні,
Толғаулы тоқсан түйіні.
Жауға шапқан ойпат қыр,
Батырдың бас киімі.
Ақынның озып қиялы,
Кеудеңе батырып сияды.
Ойпат-қыр кейде дүбірлер,
Тұлпарлардың жойқын тұяғы.
Теңселіп терек байқап тұр,
Ойлай да білсең, ой тапқыр.
Осылай ойға қалдырды,
Оранып жатқан ойпат-қыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу