Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  56


Автор: Шөмішбай Сариев

Көгершіннің басталған сәт азабы

Көгершіннің басталған сәт азабы,
Дәл сондағы жағдайдан соң, ғажабы.
Теңіздейін тебіренген жанымның,
Құдіреттей өзгерді күй, саз әні.
Қасіреті қанды ойнатып, қызулы,
Жабырқау бұлт басты дейсің жүзімді.
Көгершіннің оқиғасы кезінде,
Үш-төрт күндей ауа райы бұзылды.
Бұзылған күн болады екен мұңдырақ,
Түнергендей қабақ түйіп нұрлы бақ.
Аласұрып толқын атты көк теңіз,
Долдана бір жағалауды ұрғылап.
Өтіп кеткен сияқты боп бәрі әудем,
Қызығымен күндер неткен санаулы ең.
Шомыла алмай жағалауда жүргенбіз,
Көк теңіздің қабағына қараумен.
Тебіреніп толғанады-ау теңіздер,
Толқындарда шайылады-ау көп іздер.
Жел баяулап сәл басылса қонып ап,
Жағалаудан шағалалар жем іздер.
Теңіздейін толқып барып тұнасың,
Адам кейде жеткізе алмас расын.
Бір оқиға қайталанса қызығы,
Өзіңе-өзің сенбей қарап тұрасың.
Көрінді бұлт — көңілімнің әсері,
Сағым болды — сезімімнің әсері.
Бір шағала сылтып басып тағы жүр,
Бұл — екінші оқиғаның басы еді.
Дүниенің мөлдір, әсем бағына,
Ұқсас өмір қанат қақты сағына.
Екі оқиға бір аптада қатар кеп,
Жүрегімді тебірентті тағы да.
Әлі әлемде мұндай сурет, жоқ мүсін,
Бойымнан бір жоғалтқандай от күшін.
Шағала жүр сылтып басып жағада,
Сындырып ап аяғының топшысын.
Көгершіндей сыңайы жоқ әлденген,
Жемге таман жеткенменен жандәрмен.
Қалғандары мұны қағып, шеттетіп,
Шағаланың қағылды аузы бар дәмнен.
Көгершіндей кішкене емес, дәу бәрі,
Қанат созса, біраз дене ауданы.
Кілтің-кілтің шағала жүр жалтақтап,
Аузындағы жемді қаққан саулары.
Бір аяғы кем дей ме екен жаманы,
Кеудесімен, қанатымен қағады.
Көп шағала арасынан тұр шеттеп
Құралақан, құрығандай амалы.
Ғажап сұмдық, жұмбағы көп ғалам-ай,
Үлкен-кіші болғанына қарамай.
Алдындағы жемді ала алмай тұр байғұс,
Бір-ақ тістеп қалуға да жарамай.
Анау байғұс шағалада қалды ойым,
Алға ұмтылып созғанменен сан мойын.
Мүгедектік жеңіп алған жүрегін,
Мүгедектік жеңіп алған бар бойын.
Шағала бұл өмір үшін сайысқан,
Қандай биік толқындармен қайысқан.
Салы суға кетіп енді түңіліп,
Ал, мына бір, топшысындай майысқан.
Шағала бұл жанарынан жай ұшқан,
Дауылпазды теңізіне сай ұшқан.
Енді міне тағдырына жүгініп,
Ал мына бір топшысындай майысқан!
Осыны айтып қайрау еді арманым,
Келіп еді үмітімді жалғағым.
Білмеген соң өкінішті-ау құс тілін,
Шағалаға мен жеткізе алмадым.
Оятардай отырғанды есінеп,
Толқындардың көкке атылған төсі кеп.
Теңізінің патшасындай бұл құсты,
Бір топшының күйзелткені несі деп.
Дәрігермін, мен де бұған түсінбен,
Өмір деген өмір болар күшіңмен.
Шағаламен тағдыры бір тірлікте
Көгершінді салыстырам ішімнен!
Екеуі де сұлулықтың төресі,
Қанаттылар, көкке тиген төбесі.
Қасіретті қайғы басқа келгенде,
Біреуінен бірі артық неге осы?
Өмір деген қаталдықпен өлшенген,
Дүнненің мейіріміне ел сенген.
Адамдардың тағдырлары емес деп,
Айтпас ешкім құс тағдырын көрсем мен!
Қос құстың да тағдырларын тартты адам,
Дейтін жан бар ауыр жүкті арт маған.
Адамдар бар шағаладай шалдығар,
Адамдар бар көгершінге тартпаған.
Көрдім бәрін жұмыс бабы кезінде,
Кейбір жанның от ұшқындар көзінде.
Кішкене бір кемтар болса ажалға
Ал, біреулер дайындайды өзін де!
Шағаладай жалтаңдайтын жанардың,
Дауа тауып талай емін таба алдым.
Жалғыздықты жапа шегіп тартатын,
Нағыз жетім — ауру кезі адамның.
Бір жанарда көздің жасы жаңбырлар,
Бір көздерде жарқылдаған ақ нұр бар.
Көгершін мен шағаланы көрген сәт,
Көз алдымнан өтті талай тағдырлар...
Ақсаса аяқ — кесірі ме жат қолдың,
Көгіршіннен алыс ұшпас бақ көрдім.
Екі оқиға көз алдымнан еткесін,
Көп ұзамай үшіншіге тап болдым.
Көк теңізде жүзіп жүрміз шомылып,
Сан тағдырлар бір айдында жолығып.
Әрбір адам өз әлінше жүзеді,
Жүректерде толқын тапқан толы үміт.
Мен де жүздім қабілетім барыммен,
Теңізге бұл ғашық едім жаныммен.
Араласқан ажырамас бір әлем,
Көгілдір көк, көкшіл ұшан сағыммен!
Көгілдір көк күн шуағын төгеді,
Көк айдында шомылған жан көп еді.
Жандар жарқын жүзеді бір жарысып,
Бір-бірінен асып түсіп өнері.
Қара теңіз қайғы-мұңнан дін аман,
Әр толқыннан қуанышын құраған.
Жүзген шақта ойнайды бір балықтай,
Әсіресе, көзге оқшау бір адам.
Сол адамның тұлғасына қызықтым,
Бер жағында белгі қойған сызықтың.
Қақ айырып толқын жарып сазандай,
Жүзетіндей көзінен өтер жүзіктің.
Мақтау айттым: «жүзгішсіз деп не деген!»
Күлді сөзді сыңайланып елеген.
Жауырыны да төртбақ жаурын қазақы,
Тұлғасы да кем еместей кемеден!
«Ер мұрынды болар» деген, мұрынды,
Маған қарай әңгімеге бұрылды.
Балықшыны балықшы алыс таныған,
Танып тұр ғой қазақы бұл түрімді.
Амандасып ә деп қолды алыстық,
Бір ғажабы, суда тұрып таныстық.
Таныстырды, табыстырды, тағдыр ма,
Бір қазақты бір қазақпен алыс жұрт.
Танысымның жүзгеніне бек тоям,
Әрбір жанның көкірегінде көп қой ән: —
Бейне спорт шеберіндей жүзесіз,
Балық сізбен жарыса алмас», — деп қоям.
Бұл тірліктің қуанышқа күні тар,
Адам кейде бар қайғысын ұмытар.
Ол күледі — күлкісінде бір от бар,
Жүрегіңді жайлап толқын жылытар.
Қөк аспаннан күн келбетін көреміз,
Толқындардан ширап толқын денеміз.
Су үстінде әңгімеміз жалғасып,
Жағалауға бірге жүзіп келеміз.
Теңіз терең тигенінше табанға,
Ол соңымда келе жаттым мен алда.
Әңгімелеп беруді ойлап келемін,
Көгершін мен шағаланы оған да.
Шағаланың жалтағынан түңілдім,
Бар қызығын көру арман ғұмырдың.
Құлаш ұрып жүзген бетпен осылай,
Жағалауға жетіп барып бұрылдым.
Қыран-сынды күші талмай қолында,
Жүзіп ол да келе жатқан соңымда.
Судан шығып күлімсіреп таныс тұр,
Бір тізеден аяғы жоқ оның да!
Кемтарлары кездескенмен жандардың,
Бірақ оның қасіретін аңдар кім?
Көгершіннен, шағаладан, Адамнан
Үш тағдырды көргеніме таң қалдым!
Көрген сәттін жасырайын несін мен,
«Тәуекел, — деп судан таймас шешінген».
Бір аптада жолыққасын үш тағдыр,
Таңырқанып танғандаймын есімнен.
Бұл адамда шағаладан жоқ белгі,
Елестетер бейбіт құсы — кептерді.
— Көгершінді көріп тұрмын мен сізден!—
деп айтқым кеп алқымыма кептелді.
Өмір — сұлу, дидары оның тұр айтып,
Тірлік мынау көрмегендей мұңайтып.
Сау адамдай жүзгенін айт теңізде
Еш нәрсе де болмағандай бұлай түк.
Күлкісінің көркемін айт, көркемін,
Қуаныштың көтергендей желкенін.
Қайтпас қайсар Жер үстіне жайдырған,
Өмірдің де осылар ғой өркенін.
Қайырымды түсінбейтін көп қой жан,
Жаңа ғана бір сөзімен от қойған:
«Көк теңізде жүздіруге жазғаны,
Денсаулықтың арқасы ғой», — деп қойған.
Болған маған сақтанғандай үні әдеп,
Мен ішімнен: «Кетті дегем бұ не?—деп.
Кейін білдім, қан майданға қатысқан
Бұл кісі де болып шықты мүгедек.
— Тағдыр деген танытқанымен мыстандық,
Үшкірленіп найзадайын ұшталдық!—
деп қояды, қандай өжет, қайсарлық,
Өміріне қандай шексіз құштарлық!
Дәрігер боп талай тағдыр өткердім,
Шағаладай жасығанды жек көрдім.
Мен емдеген құстар емес, адамнан
Көгершіннің құштарлығын көп көрдім.
Тағдыр айттым адамнан бір, құстан бір,
Қанат қағып биіктерге ұшқан кіл.
Өзіңіздің қалауыңыз біледі,
Сізді күткен алдыңызда үш тағдыр!
Деп күрсініп, қарап тіктеп дәрігер,
Ауруына көзін салды әбігер.
Ал, ол болса уқалады жүрегін,
Қапыдағы қайғысынан жанын жер.
Адамдардың арманы көп, арманы,
Талай жанның тістеленген бармағы.
Өзі емдеген ауруына дәрігер
Сәл бөгеліп сөзін тағы жалғады:
— Менің айтқан үш оқиғам осы еді,
Дос жылатып айтады ғой деседі.
Қамыққанмен, қайғырғанмен келмейді
Жаяу жүрген күндер қайтып кешегі.
Біздің істе жүрмейді ғой жорамал,
Екі аяқты кестік, басқа жоқ амал.
Тек әйтеуір медет болар тізе сау,
Протезді киер болсаң, о да бар.
Түріңіз де қашар жанға тұр ұқсап,
Үш ай ұстап емдегесін құрық сап.
Қош болып тұр, қолдан келген бар осы,
Түстен кейін үйіңізге, ұлықсат!..

ЭПИЛОГ
Бұл толғаудың эпилогы мынадай:
Дәрігер жүр көзі жанып шырадай.
Сол ауруы көгершіндей самғапты,
Тағдырының шың-құзынан құламай.
Оған деген сезімдер от, ел ғашық,
Жүрегі оның еңбек деген төрге асық.
Комбайнға қайта отырған сол адам,
Өршелене протезбен жер басып.
Мен содан ба, тебіреніп толғандым,
Қасиетті қаламымды қолға алдым.
Өміріне құштарлықпен сол Адам
Социалистік Еңбек Ері болған күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу