Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  79


Автор: Шөмішбай Сариев

Әке. Он бала. Ажал

Ажалға төте келген бар ма амалы,
Бұзылып қарсы салған сан қамалы.
Төсекте жатыр Адам әл үстінде,
Әке еді ол, өрісі кең он балалы.
Жүрегі әлсін-әлсін соқпай қалып,
Мәңгілік тіршіліктің тоқтай ма әні.
Он бала отыр бүгін ортаға алып,
Бірінің Әкесі үшін жоқ қайраны.
Тағдыры төтеп беріп толы сынға,
Жатыр ол ең ақырғы жол ұшында.
Қазір-ақ мәңгілікке жол жүреді,
Бере алмас біреуі де қол ұшын да!
Табылмай дертке дауа бір саласы,
Бәрі де амал таппай тұр, шамасы.
Ауданда бір баласы сот болатын,
Министр астанада бір баласы.
Қайтпады бері қарап жүзі бірақ,
Тағдырдың ойылғандай мұзы құлап.
Дертке дауа боларлық дәрмен таппай,
Басты бетін дәрігер қызы жылап.
Батырып жатыр Әке бәрін мұңға,
Өнерлі ұл — жоқ көмегі дарынның да.
Он баланың ішінде зеректеуі,
Қайраны бола алмады ғалымның да!
Есейіп ержетсе де бала-шаға,
Таппады дертке дауа болар шама.
Еңсесі төмен түсіп ұшқыш отыр,
Жерден де жоғары ұшып, қона алса да!
Болар ма қолдан келсе тіптен қызық,
«Бұл неткен даңғой, неткен бұзық?»
Милиция баласы: «Қылмыскер»,— деп,
Ажалды ұстатар ед тік тұрғызып!
Оң жақта басын сүйеп қызы отырған,
Ол болса күйлі жаққа ұзатылған.
Жылан-ажал жеткесін жылы ұяға,
Шырқырап қарлығаштай жүз атылған.
Ажал жеңіп дендеді айлалы көп,
Сәлден сон тіл-аузын байлады кеп.
Қол ұшын бере алмады он бала да,
Он бала қала берді қайраны жоқ!
Төмен түскен жер осы назардың да,
Айтпағы көп — адамға ажалдың да.
Әке көзі жұмылып он баланың,
Өмір өшіп жөнелді көз алдында!
Тартынбай тарта берді жол қамынан,
Тірінің бейхабар боп толғамынан.
Он бала басты бетін әкелерін,
Ажал жұлып алғандай қолдарынан.
Көрінген көпшіліктен суысыған,
Тәкаппар жандар еді туысынан.
Алақанға ұстаған мұраны асыл,
Шығарып алғандай бір уысынан!
Айналып қасіретті мұңы зарға,
Жылжып кеп қайғы түсті жылы ажарға.
Тоқтау сөз айта алмады сәл де болса,
Бәрі-бәрі жабылып бір ажалға!
Дертінің қасіретін тартпас та еді,
Дәрмені болса әке жатпас та еді.
Ажал деген ешқашан тілге келмес,
Тілге келсе бір айла таппас па еді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу