Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  38


Автор: Шөмішбай Сариев

Оянсам ойландырып таң тұрады

Оянсам ойландырып таң тұрады,
Жүректе сиқырлы бір ән тұрады.
Тоңып-мұздап күздегі жапырақтай,
Жаным менің неліктен қалтырады?
Толғанып тебіренер кезімбісің,
Толқындатып барады сезім күшің.
Дүрсілің де өзгеше танымаймын,
Әй, Жүрек, әй, Жүрегім, өзіңбісің?
Тіршілікте өзіңсің тірек-сенім,
Табиғи болмысыңмен тілекші едің.
Дүрсіліңде өзгеше бір сырың бар,
Бір сырың бар ерекше, Жүрек сенің!
Не дейді мен жайлы ертең толы халық,
Білерім мақсат-айқын, жолым анық.
Адам өтер өмірде өз көзімен,
Көре алмай өз жүрегін қолына алып...
Дүниеге келгенде шындап келіп,
Тіршіліктің тынысын тыңдап көріп.
Адам өтер өмірден Абай айтқан,
Құпия жүрегіндей жұмбақ болып!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу