Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  126


Автор: Шөмішбай Сариев

Паровоздай түйеміз боздап қойып

Паровоздай түйеміз боздап қойып,
Ботасы үйде қалғанын қозғап қойып,
Жарысар жанды нәрсе болмаса да,
Желеді —
Уақыттан озбақ па ойы?
Қамшысын көтеруге ыңғайланып,
«Шу, жануар дер еді, тіл байланып.
Әжем отыр алысқа көзін тігіп,
Тек үнсіз жүрегімен сырға айналып.
Айнала,— ол жақтан да, бұл жақтан да,
Шегірткенің шырылы тіл қатқанда.
Тау тектес бір төбеге келіп жеттік,
Қызарып ұясына күн батқанда.
Біздерге байқатқандай базыналық,
Құлақты шегірткенің сазы жарып.
Келетін жерімізге келіп түстік,
Түйемізді шөгеріп, жазыны алып.
Айнала жым-жырт әлем, баяу қалғып,
Тұсадық түйемізді, жаяу қалдық.
Кең далаға көз салған қарауылдай,
Жапа-жалғыз тас тамға таяу бардық.
Әжем кеп тас қабірге үңілгені,
Намазын оқитындай іңірдегі,
Бабалар аруағына бата қылып,
Тізесін бүгіп әжем күбірледі.
Атамекен жайында күйді ақтарған,
Мүжіліп айналасы қирап қалған.
Арыстанбап бабаның қорымы екен,
Жалғыз-ақ тастан соққан зират қалған.
Құпия бір толғаныс болды реңде,
Қанатын қомдап қайғы қонды реңге.
Түсті есіме әжемді тапсырғандай,
Айтқан сөзі әкемнің жол жүрерде:
– Әжесінің баласы — тыңда, батыр,
Ұқтырды әжең бізге ымдап ақыр,
Бір түн зират басына түнеймін деп,
Бір жақсылық бабамнан тілеймін деп.
Көкшекөл қорымына барам дейді,
Бірге жүрсін өзіммен балам дейді...
Серік болып барып қайт деген әкем...
Еріп барып, алып қайт деген әкем...
Сол қорымның жатырмыз іргесінде,
Балалық бал дәуреннің бір кешінде.
Әжемдей үнсіз дүние айналамыз,
Екеуміз. Басқа жан жоқ тілдесуге.
Тыныштық. Тамылжыған түні қандай?!
Жатырмын әжем ойын ұғына алмай,
Беймәлім ауық-ауық үн келеді,
Алыстан көкжал кезіп ұлығандай.
Көгімде ай қалқиды бір армандай,
Қызығып қарай берем құмар қанбай,
Қозғалып шөп арасы сыбырлайды,
Жанымнан жылжып өткен жыландардай.
Ой мазалап жанымды жатам аунап,
Құбыжық келе жатқан тасада аулақ,
Жалт беріп жанымыздан жарқанаттар,
Біздерді мазалайды масаны аулап.
Телміріп жұлдыздар мен қарап айға,
Сипайды самалымен дала майда.
Балпақ, тышқан аулаған жапалақтар,
Қалбаң-қалбаң ұшады анадайда.
Тілгілеп ағып жатыр жиі көкті...
Ғажап-ау! Жұлдыздарды биік етті,
Көкшекөлдің суына құлап аққан,
Дүркіреп бір кездері киік етті.
Не болса да біз бірге көрем десіп,
Төңірекке қараймыз елеңдесіп...
Біртіндеп ертегілер ойғаоралып,
Қиял-ғажап соқпағын келем кешіп.
Ойлар-ойлар оралар белестеніп,
Құшақтап қояды әжем мені ескеріп,
Қорқа ма деп ойлай ма, кім біледі,
Ертегі жын-шайтан елес беріп.
Қояды елес беріп сан ғажайып,
Құбыжық қорқынышын алға жайып.
Мазалап, маза бермей түнде қиял...
Болады-ау соның бәрі таңда ғайып.
Өткенін сезінер ме сағат қанша,
Сан ойлар самсап келіп тағатты алса,
Ғайыптан сөйлеп кетсе әжетайым,
Ертегі тыңдар ем-ау таң атқанша.
Тіл бітсе таң атқанша деп тілеймін,
Кей-кейде қиялмененкөк тіреймін
Торғайдай домаланып қойып кетем,
Кейбір сәт құшағына отты үрейдің.
Шарлайды көңіл—көкті, көз — қияны
Ояу әжем, өзімен өз қиялы.
Жатырмыз жылы жақтан ұшып келіп,
Қоныс еткен құстардай өзге ұяны.
Көп нәрселер бойында кетер ме екен,
Көп нәрселер ойында кетер ме екен...
Жан әжем сөйлемейді үнсіз әлі,
Бабаға түнеп тілеу бекер ме екен?!
Кеудеме енген кезде ұрлап үміт,
Көңілім бір қуанып, бір жабығып.
Жатқанда жатқанменен өзім сезбей,
Ұйықтап кеткен екенмін түн жамылып.
Адамдар бұл даладан «алады-ау дем,
Сан ұрпақ өтіпті ғой «дала» деумен.
Бабалар қорымының басына кеп,
Түс көріп ұйықтап жаттыбала кеудем!
Аясында көкорай – гүл мекеннің,
Армансыз ғұмыр кешіп тұрды екен кім?
Өңімдегі сияқты сапар кешкен,
Әжеммен түсімде де бірге екенмін.
«Ертектей болар жаным, оңды ертеңің,
Мен ертек айта алмаймын енді өркенім...»
деп әжем түсіме еніп айтып берді,
Кәдімгі тілі бардай соңғы ертегін.
Керемет жыр бар екен қалған мұнда,
Әжем толғап бітірді таң алдында!
Ғажайып ертек екен тіл жетпейтін,
Қайран қап ғаламатқа таңқалдым да!
Әжемнен басталғандай жыршыл ғұмыр,
Қоңыр үн күңіреніп тылсымды бұл.
Ертекті жеткізгесін мұратына,
Жан әжем қоштасқандай күрсінді бір...
...Шаршатты тіл байлаған тірлік өзін.
Ең алғаш жылағаным сұмдық өзім:
Маңдайымнан иіскелеп қоштасарда
Мәңгілікке жан әжем жұмды көзін!
...Түсімде әжем қайта еніп қуатына,
Мінгізді ақбоз тұлпар жыр атына,
Сол атпен келем шауып кең дүниеде,
Жетсем деп ертегідей мұратыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу