Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  61


Автор: Шөмішбай Сариев

Бостандық

Буынға бағынбайтын,
жоқ өлшемі,
Таулардың қыранындай өр еңселі.
Мертіксең,
Мертігерсің ақиқат деп,
Еркіңе қоя берем, өлең, сеңі.
Еркіңе қоя берем ноқталамай,
Мергендер көп, болғайсың оқтан абай.
Тұяғыңды тарпарсың топта талай,
Қанатыңды шарпарсың отқа талай.
Өрт өлеңнің дертінен тартына алман,
Салты қалған,
Мен үшін халқым — арман.
Аруақты бабамның көзімін мен,
Қаймағындай дәстүрді қалқып алған.
Ерке өлеңнің еркінен тартына алман,
Өмірдің бермес бағын тартып алған.
Шап-шағын өлең, саған ғасыр жүгін
Тастады иығына артып Арман.
Көтерерсің,
сен, бәлкім, жаншыларсың,
Мезгілдің — көз жасындай тамшыларсың.
Әділет,
ар-ожданмен, адалдықпен,
Ақиқат мінбесіне сан шығарсың.
Құлақ түріп даусыңа достар бүгін,
Тілеулес көңілменен қосқанда үнін.
Биігім — ар-ожданның мінбесінен,
Сөйле,
менің өлеңім,
бостандығым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу