Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  130


Автор: Шөмішбай Сариев

Осы бір үй, қария және немере

Қарт жүрегін қинаған
қия алмастық ізгі мұң,
Осы бір үй ұрлаған
кемпірінің қыз күнін.
Сәуір таңдай нұрлы атқан
шақта бақыт қауышып,
Осы бір үй тыңдатқан
тұңғыш ұлдың дауысын.
Он өркенін жайғанды
елтіп өмір күйіне,
Осы бір үй айналды
шілдехана үйіне.
Өзі сүйген төл құлын
он баланы емізген.
Осы бір үй — кемпірін
Батыр Ана дегізген.
Келіндерін өткерген
кемпірі отыр ойында,
Осы бір үй көп көрген
үйленудің тойын да.
Осы бір үй сүйгізді
немересін алғашқы,
Сәбиге ернін тигізіп
шілдехана жалғасты.
Осы бір үй арбайтын
құпиялы сезімдей,
Қас-қабағын аңдайтын
кемпірінің көзіндей.
Қоштасқанда түсінген
көздің жасын ағытып,
Төрт этаждан түсірген
кемпірінің табытын...
Немересі кемпірін
әжелейтін аймалап,
Енді, міне, сол күнін
отыр еді қайдалап,
Өткен-кеткен жайларға
ой көзімен үңіліп...
Осы бір сәт келді де
немересі жүгіріп:
– Қиратайын деп жатыр
қара қазан, ошақты!..
Осы бір сөз ой салып
қарт көңілін босатты.
Тракторды тоқтатып,
қимай тұрды ошағын,
Осы емес пе от басы,
қоса ағартқан қосағын.
– Ой салдың балам көңілге...
көрейін,— деді,— күшіңді,
От басының қазанын
немереге ұсынды.
Құба-кұп алды немере
тұрмады әсте ол таңдап,
Көтеріп ата қазанын
алдына түсті томпаңдап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу