Өлеңдер ✍️

  31.08.2023
  54


Автор: Шөмішбай Сариев

Жеті бояу – жеті толқын

Қаңқылдап ұшқан
Қырмызы көлдің қазындай,
СЫЛҚЫЛДАҚ ТОЛҚЫН —
«Сылқылдақ» күйдің сазындай.
Шиыршық атып шарқ ұрып,
Аласұрып, алқынып,
Жатады-ау байғұс қанаты бір сәт
жазылмай.
«Көбік шашқан»
Күйдей сазды сырың бай,
АҚ БАС ТОЛҚЫН —
Алатау асқақ шыңындай.
АҚЖАЛ ТОЛҚЫН —
Сарыарқаның жарысқан,
Нар өркешті,
Жосылып аққан құмындай.
Шошыр ма бәлкім,
Тайраңын оның көрген көп,
Дарақыланып,
Төбеңе ойнап төнген кеп.
Қалжыңбас жандай
Қаймықпай келе құшақтар,
ДӨҢБЕК ТОЛҚЫН — арсы да, гүрсі
өңмеңдеп.
БҰЙРА ТОЛҚЫН —
Биязы шуақ сымбатты ән,
Сыңғыры әсем
Сұлулығымен үн қатқан.
ӨКСІК ТОЛҚЬІН —
Баса алмай әркез солығын,
Қайғысын зарлы
Мұңдана сыр ғып тыңдатқан.
Ақынның отты
Жырындай ішке сыр бүккен,
Батырдың батыл
Найзасындай нұр күткен.
ЕРЕУІЛ ТОЛҚЫН ұшанда,
Қазақтың отты
Күйіндей толғап дүрліккен.
Бұл өмір-теңіз,
Толқын боп өтпес демессің,
Келетін ұрпақ,
Бабалар үшін елессің.
Сенемін бірақ,
Дауылды мынау өмірде
ЫРПЫЛДАҚ ТОЛҚЫН,
СЫЛҚЫЛДАҚ ТОЛҚЫН емессің.
Келер ұрпақ!
Есімің — өлмес Жеңісің!
Табатын әр кез
Табиғатыңмен келісім.
Бұрқан да тарқан
Оянар өмір — теңізде
ЕРЕУІЛ ТОЛҚЫН —
Сияқтысың ел үшін!
Сырымды, ұшқыш досым, көрсем бе ашып?
Қаланың тар көшесі еңсем басып,
Аспанға қарай берем,
Неткен кең деп,
Жүрегім — өздеріңе, сенсең ғашық.
Айтпассың,
Өмірге бос келдіңіз деп,
Жер бетінде қалдырған мендікіз көп.
Сонда да көшелерім тарлық етіп,
Ұшқыш боп кетсем деймін кеңдік іздеп.
Көктегі қиындықтан саспадың сен
Сырласып секундпенен,
Қас-қағыммен,
Мен саған қызығамын ұшқыш досым,
Сен неткен бақытты едің,
Аспаның кең!
Шарықтап көк күмбезін көрмек едім,
Аспанды тар дегенге сенбеп едім.
Қаланың қаусырылған көшесіндей,
Шектеулі екен, досым-ау, кең дегенің.
Егіздің сыңарындай елдігіміз,
Бар біздің ұшып-қонар ендігіміз.
Автобус асфальтынан он есе үлкен,
Кәдімгі жол сияқты кеңдігіміз.
Демеймін жер бетіне қалсын аңыз,
Жоқ емес,
Өмір көште бар шығармыз.
Аспан кең ғой
Әйтсе де көк жүзінде
Шектеулі жолдар барда,
Тарсынамыз.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу