Өлеңдер ✍️

  27.08.2023
  134


Автор: Шөмішбай Сариев

Ертең ақпан...

Қаңтардың соңғы күні
Ертең — ақпан,
Екі ойдың тоғысында —
көркем ақтаң,
Көгімнен аппақ-мақта
Жауып ақ қар,
Аспаннан әрбір талы елпең қаққан.
Ертең — ақпан,
Қаңтардың соңғы күні,
Терезе алдындағы
Тоңды гүлі.
Жамылып жер жаһаным ақ мамығын,
Даланың қар астында солды гүлі.
Қаңтардың соңғы күні,
қимас өмір,
Тірлікте адам болсаң, сыйласа біл.
Аққардай жатар ма еді жерді жауып,
Жаныңның жақсылығын жинаса бір.
Ертең — ақпан,
Бүгіннен ертең-арман,
Күй күмбірлеп,
жолдарым шертеді алдан,
Бұл адам үмітпенен ғұмыр кешер,
Жүрегімді сағыныш өрте жалған.
Ояу менің жүрегім, қалғымаймын,
Бұлт көшкен бейнесіндей шарбы майдың,
Қаңтардың соңғы күні,
Ертең — ақпан,
Өз қызығы өзінде әрбір айдың!
Үш перзенттей — үш тентек, үш аялы,
Демеймін желтоқсаным күш аяды.
Қыс ортасы —
Қаңтардың соңғы күні,
Ертең - ақпан,
Ақпан бұл —
қыс аяғы.
Жолаушыдай асығыс жеделдеткен,
Ақпандатып,
ақ боран төгер көктен,
Ертең — ақпан,
Ақпанның ізіменен,
Қыңқылдап құсы оралып, келер көктем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу